
Астанада қонақүй мен сервис индустриясының жаңа буын мамандарын даярлауға бағытталған практикалық оқыту платформасы – VELORAcademy of Hospitality & Service салтанатты түрде ашылды, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.
Академияның іске қосылуы саладағы маңызды мәселелердің бірімен байланысты: нарықтың қарқынды дамуы білікті кадрларды даярлау қарқынынан озып кетіп отыр. Соның салдарынан бизнес саласында қызмет сапасының тұрақсыздығы, қызметкерлердің жиі ауысуы және бейімделу кезеңінің ұзақтығы байқалады.
VELOR Academy – сервис саласының нақты жұмыс жағдайына барынша жақын білім беру ортасы. Жалпы аумағы 1000 шаршы метрден асатын кеңістік қонақүй индустриясының негізгі процестерін модельдейді. Мұнда фронт-офистегі жұмыс, қонақпен өзара әрекеттесу сияқты бағыттар қамтылып, студенттер нақты практикалық дағдыларды меңгереді.
Оқыту 70% тәжірибе және 30% теория қағидаты бойынша жүргізіледі. Негізгі мақсат – қызмет сапасы мен клиент тәжірибесіне тікелей әсер ететін тұрақты кәсіби құзыреттерді қалыптастыру.
Академия бағдарламалары қонақүй бизнесі, клиенттік сервис және басқарушылық дағдылар сияқты негізгі бағыттарды қамтиды. Оқу корпоративтік сектор қызметкерлеріне де, жеке мамандарға да арналған.
«Бүгінде басты міндет тек білім беру емес, сонымен қатар қонақ тәжірибесіне және сервис сапасына тікелей әсер ететін мінез-құлық моделін қалыптастыру. Бұл бизнес үшін негізгі бәсекелік артықшылыққа айналып келеді», – дейді VELOR Academy өкілдері.