
Астанада «Таза Қазақстан» экологиялық бастамасы аясында өтіп жатқан «Мөлдір бұлақ» акциясына колледждер мен жоғары оқу орындарының студенттері, сондай-ақ «Жастар Рухы» жастар қанатының белсенділері қатысты. Олар Ақбұлақ өзені жағалауын қоқыс, қураған жапырақтар мен бұтақтардан тазартты, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай акциялар қалада игі дәстүрге айналып, жыл сайын қамтылатын аумақ көлемі артып келеді.
Алматы ауданы әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің маманы Ернар Наурызовтың сөзінше, қала бойынша тазалық шаралары жүйелі түрде өткізіліп келеді.
«Біздің ауданда, жалпы қала көлемінде белсенді тұрғындар мен жастардың қатысуымен аумақтарды тазарту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Көшелер, саябақтар және басқа да қоғамдық орындар ретке келтірілуде. Бүгін «Мөлдір бұлақ» акциясы аясында Ақбұлақ жағалауын тазартуға басымдық берілді. Іс-шара су ресурстары мен қоршаған ортаға ұқыпты қарауды насихаттауға бағытталған», – деді ол.
Акцияға қатысушылар үшін бұл тек тазалық жұмысы ғана емес, қоғамға үлгі көрсетудің мүмкіндігі.
«Мұндай шараларға жастардың қатысуы экологиялық жауапкершілік пен тәртіпті қалыптастырады. Қатарластарымыз өз ортасына үлгі болып, астаналық жастардың көбі осындай бастамаларға қосылып жатқанын көріп отырмыз. Қаланың жайлы ортасын қалыптастыруға үлес қосқанымызға қуаныштымыз. Тұрғындарды көшелер мен қоғамдық орындардың тазалығына ұқыпты қарауға шақырамыз», – деді «Жастар Рухы» жастар қанатының белсендісі Сұңғат Жеткергенов.
Акция нәтижесінде жиналған қоқыс пен тазартылған жағалау аймағы ортақ еңбектің нақты көрінісіне айналды. Іс-шара соңында жастар бірлік, жауапкершілік және ортақ мақсаттың символы ретінде «Таза Қазақстан» атты үлкен туды жайды.