Су айдындары мен жағалауларды тазарту: елордада «Мөлдір бұлақ» экоакциясы өтуде

Су айдындары мен жағалауларды тазарту: елордада «Мөлдір бұлақ» экоакциясы өтуде

Астанада «Таза Қазақстан» ауқымды экологиялық айлығы аясында таңертеңгі уақыттан бастап «Мөлдір бұлақ» акциясы өтіп жатыр, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.

Акция барысында су айдындарына жақын аумақтарды санитарлық тазартуға ерекше назар аударылып отыр. Жұмыс Есіл өзенінің жағалауы бойында, сондай-ақ Сарыбұлақ учаскелері мен басқа да су нысандарында жүргізілуде. Қатысушылар қоқыс жинап, жағалау аумағын тазартып, қоғамдық кеңістіктерді ретке келтіруде.

Экологиялық бастамаға елорда тұрғындары, коммуналдық қызметтер, жастар, еріктілер және белсенді қала тұрғындары атсалысуда.

Қала әкімдігі барлық тұрғынды экологиялық айлықты қолдауға және ортақ іске өз үлесін қосуға шақырады.
Бастаманың негізгі мақсаты – қоршаған ортаның, оның ішінде су ресурстарының тазалығын сақтау мәселелеріне қоғам назарын аудару және тұрақты экологиялық мәдениетті қалыптастыру.

Әрбір тұрғын мен ұйым қаланы абаттандыруға үлес қосып, оны таза, жайлы әрі экологиялық тұрғыдан қолайлы етуге атсалыса алады.

#ТазаҚазақстан #МөлдірБұлақ #экология #TazaChallenge @TazaQazaqstan