«Таза Қазақстан»: Астанада Есіл өзенінен бірнеше жүк көлігіне тең қоқыс шығарылды

«Таза Қазақстан»: Астанада Есіл өзенінен бірнеше жүк көлігіне тең қоқыс шығарылды

Астанада республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық бастамасы аясында қалалық су айдындарының тазалығын қамтамасыз етуге бағытталған «Мөлдір бұлақ» іс-шаралары өтіп жатыр. Соның бірі – Есіл өзені бойында ұйымдастырылған «Таза су айдындары» табиғатты қорғау акциясы, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.

Экологиялық акция Есіл өзенінің Қарағанды бағытына шығатын айналма жол маңында өткізілді.

Іс-шараны Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі Балық шаруашылығы комитетінің Есіл өңіраралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы ұйымдастырды. Бастамаға мемлекеттік органдардың өкілдері, қоғамдық ұйым белсенділері, еріктілер мен БАҚ өкілдері қатысып, жүздеген адам жұмылды. Сонымен қатар ауқымды тазалық жұмысына қала тұрғындары да белсенді атсалысты.

Акцияның негізгі мақсаты – қыс мезгілінде жиналған тұрмыстық қалдықтар мен пластикті жағалау бойынан толық тазарту. Сондай-ақ ұйымдастырушылар балықтардың көктемгі уылдырық шашуына қолайлы жағдай жасау басты міндеттердің бірі екенін атап өтті. Арнайы құрал-жабдықтардың көмегімен су сүзгіден өткізіліп, өзен арнасы қалдықтардан тазартылды, бұл уылдырық шашатын аймақтардағы оттегі режимін жақсартуға мүмкіндік береді.

Қатысушылар мұндай шаралар тек қоқыс жинаумен шектелмей, халықтың экологиялық мәдениетін қалыптастыруда маңызды рөл атқаратынын атап өтті. Акция барысында жағалау аумағынан бірнеше жүк көлігіне тиелген қоқыс шығарылды. Оның басым бөлігі пластик, әйнек және өзендегі тіршілік иелері үшін аса қауіпті балық аулау торларының қалдықтар болды.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл акция су экожүйесінің нәзік екенін тағы бір мәрте көрсетті.

Осындай іс-шаралар қоршаған ортаны қорғау мәселелеріне қоғам назарын аударып, мемлекеттік құрылымдар мен жұртшылықтың бірлескен күшімен табиғи байлықты сақтауда нақты нәтижелерге қол жеткізуге болатынын дәлелдейді.

#ТазаҚазақстан #экология #TazaChallenge  @TazaQazaqstan