Астанада Қазақстан халқының бірлігі күніне орай ауқымды мерекелік іс-шара өтті

Астанада Қазақстан халқының бірлігі күніне орай ауқымды мерекелік іс-шара өтті

Астанада 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күніне орай Жетісу саябағында ауқымды мерекелік іс-шара ұйымдастырылды. Қала тұрғындары мен қонақтары жиналған бұл мәдени кеш достық пен татулықтың, бірлік пен өзара құрметтің жарқын көрінісіне айналды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Ашық аспан астында өткен концертте әртүрлі этнос өкілдерінің мәдениеті мен өнері көрініс тапты. Көрермендерге вокалдық нөмірлер, ұлттық және этникалық билер, сондай-ақ сахналық қойылымдар ұсынылды.

Сахнада өнер көрсеткен әртістер көпшіліктің көңілінен шықты. Әсіресе «Алтын Ұрпақ би ансамблі мен «ХАЗАР» шығармашылық ұжымы өз өнерлерімен ерекше әсер қалдырды. Сонымен қатар, Кавказ халықтарының билері, гавай биі, лирикалық әндер мен әсерлі финалдық нөмір көрермендердің ыстық ықыласына бөленді.

Іс-шара барысында тек концерттік бағдарлама ғана емес, түрлі ойындар мен байқаулар да ұйымдастырылып, қонақтарға көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Бұл шара балалар мен ересектер үшін қызықты әрі есте қаларлықтай өтті.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай мерекелік бағдарламалар еліміздегі мәдениетті насихаттап, халықтар арасындағы достық пен бірлікті нығайтуға бағытталған.