Астанада өткен спорт фестиваліне 6 жастан 93 жасқа дейінгі тұрғындар қатысты

Астанада өткен спорт фестиваліне 6 жастан 93 жасқа дейінгі тұрғындар қатысты

Астана қаласында 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні аясында және «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясын іске асыру шеңберінде спорт фестивалі өтті. Фестиваль Триатлон паркінің жаңартылған жағалауында ұйымдастырылды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Астаналықтар таң атпай Триатлон паркінде жиналды. Бұған себеп бұқаралық жүгіру және балалар мен жасөспірімдер арасындағы спорт сайыстары болды. 5 шақырым жүгіріске екі мыңнан астам адам тіркелген.

Сонымен бірге, өткен фестивальде ең ерекше қатысушылардың бірі – гуманоид-робот болды. Ол тек қонақтардың назарын аударып қана қоймай, жугіру жарысына да қатысып, қашықтықты Илья Ильинмен бірге бағындырды.

Бұл шараның ұйымдастырушылары – қалалық спорт басқармасы мен Алматы ауданның әкімдігі.

Спорттық бұқаралық іс-шараларды өткізу дирекциясы басшысының орынбасары Ержігіт Өсербайдың айтуынша, онлайн тіркеу ашу туралы шешім тұрғындар тарапынан жоғары қызығушылық пен өтінімдердің көп түсуіне байланысты қабылданған.

«Бүгінгі іс-шарада әртүрлі жастағы қатысушылар бар. Мысалы, балалар арасында жарыс 6 жастан басталып жатыр, ал скандинавиялық жүріске 93 жастағы апамыз арнайы Көкшетаудан келіп қатысып жатыр. Отбасымен келгендер де көп, тіпті 9 баласы бар отбасы да бар. Жалпы бұқаралық жүгіруге 2000-нан астам адам тіркелді, скандинавиялық жүріске 200-ге жуық адам, балалар жарысына 250-ден астам бала қатысып жатыр. Мұндай іс-шаралар халықты біріктіреді, сондықтан алдағы уақытта да көптеп ұйымдастырылады», – деді Өсербай Ержігіт.

Ересектер арасында жүгіруге қатысқандардың бірі – Бекнұр Тәңірберген. Ол бағдарламашы болып жұмыс істегендіктен, көбіне компьютер алдында қозғалыссыз отыратынын айтты. Мұндай іс-шаралар денсаулық үшін аса пайдалы.

«Жарыс өте әдемі өтті. Өз басым спортшы емеспін, бірақ марафондарға жиі қатысып тұрамын. Келешекте бұйырса 10 және 21 шақырымда жүгіріп көруге тырысамын. Бүгін темпім 5 минут болды, жалпы 2,5 шақырым жүгірдім, жарақатқа байланысты сонымен шектелдім. Мен бағдарламашы болып жұмыс істеймін, онлайн форматта болған соң көбінесе үйде отырамын. Осындай керемет іс-шаралар көп болса екен, Астана әкімдігіне алғысым шексіз», – деді Бекнұр Таңірберген.