
Астанада 7 мамыр – Отан қорғаушылар күні қарсаңында Халық қаһарманы, армия генералы Мұхтар Алтынбаев бастаған ҚР Қарулы Күштерінің генералдары Өнер музейін тамашалады, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Іс-шараға «Жас сарбаз» балалар-жасөспірімдер әскери-патриоттық қозғалысының тәрбиеленушілері қатысты.
Олар Мәдени-танымдық бағдарлама аясында қатысушылар музей экспозициясымен танысып, сирек кездесетін және қайта жаңғыртылған ұлттық музыкалық аспаптар туралы мәлімет алды. Ерекше назар тарихи кезеңдерде әскери мақсатта қолданылған жорықтық аспаптарға аударылды.
Кездесу барысында көне ұлттық аспаптарда музыкалық шығармалар орындалып, олардың шығу тарихы, қолданылу дәстүрі және ұлттық мәдени мұрадағы орны түсіндірілді.
Халық қаһарманы, армия генералы Мұхтар Алтынбаев ұлттық аспаптарды жаңғырту ісінің тарихи және рухани маңызына тоқталды.
«Ежелден ерлердің ерлігі арқасында халқымыз талай тарихи кезеңдерден аман өтті.
Жауынгерлік жорықтарда дыбыстық белгілер ерекше қызмет атқарып, «жау келді», «дұшпан шегінді» сияқты маңызды хабарлар жеткізілді.
Бүгінде ұмыт бола бастаған сазды аспаптарды қайта жаңғыртып, жаңа өмір сыйлап отырған ұжымдарға алғыс білдіреміз», – деді Мұхтар Алтынбаев.
Ол көне аспаптарды жаңғырту тарихи жадты сақтау, ұлттық құндылықтарды дәріптеу және өскелең ұрпақтың отансүйгіштік рухын нығайту жолындағы маңызды жұмыс екенін атап өтті.
«Ежелгі сақ, ғұн, сармат тайпаларынан бастау алатын жауынгерлік рух, түркі халықтарының тегеурінді дәстүрі, Ақ Орда мен Алтын Орда кезеңдеріндегі тарихи сабақтастық – ұлттық сананың берік негізі. Осы аспаптардан төгілген күй мен әуен келешек ұрпақтың санасына «Тұңғиық тарихым», «Қастерлі елім», «Ордалы Отаным» ұғымдарын сіңіре беретініне сенеміз», – деді ол.
Кездесу соңында Қарулы Күштер генералдары мәдени мұраны сақтау мен жаңғырту ісіне үлес қосып жүрген музей ұжымына алғыс білдірді.
Іс-шара Отан қорғаушылар күні қарсаңында елдік рухты, тарихи сабақтастықты және ұлттық мәдени мұраға құрметті нығайту мақсатында ұйымдастырылды.