
Астана қаласының Есіл ауданындағы Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының келушілері Қазақстан халқының бірлігі күніне арналған «Қазақстан – біздің ортақ үйіміз» атты мерекелік би кешін өткізді. Іс-шара «Жетісу саябағы» аумағында ұйымдастырылды, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.
Көрермендер әрбір қойылымды зор қошеметпен қарсы алды. Концерттік бағдарламада түркі халықтарына тән «Халай» биі, көңілді теңізшілер биі «Яблочко», сондай-ақ шығыс, испан және еврей билері ұсынылды. Әрбір қойылым тек би шеберлігін көрсету ғана емес, түрлі халықтардың салт-дәстүрі, тарихы мен мәдениетін паш еткен ерекше көрініс болды.
Мерекелік көңіл күйді «Жаңа толқын», «Ай би», «Би сазы» және «Ханшайым» би ұжымдары айрықша әсермен жеткізді. Бұл топтардың құрамында өнерге құштар, белсенді әрі жігерлі ата-әжелер бар. Олар өз үлгілері арқылы жастың шығармашылыққа, белсенді өмір салтына және жаңа жетістіктерге ұмтылуға кедергі еместігін дәлелдеді. Олардың өнері кешке жылылық, шынайылық және ерекше рухани әсер сыйлады.
Мерекелік іс-шараны ұйымдастырудың басты мақсаты – Қазақстанда тұратын түрлі ұлт өкілдері арасындағы достық пен өзара түсіністікті нығайту болды.