Елордада дезинсекцияның бірінші кезеңі басталды: мыңдаған гектар өңделді

Елордада дезинсекцияның бірінші кезеңі басталды: мыңдаған гектар өңделді

Астанада масаға қарсы ауқымды дезинсекциялық жұмыс жалғасуда. Жұмыс екі ауысымда жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Су айдындарын өңдеудің алғашқы туры 6 сәуірде басталған. Бүгінге дейін маса дернәсілдері анықталған 8600 гектар су айдыны өңделді.

Қазіргі таңда қаланың орталық бөлігінде жаппай өңдеу жұмысы басталып, біртіндеп қала шетіне қарай ығыстыра отырып жүргізілуде және бір мезгілде тосқауылдық өңдеу орнатылуда.

Жұмыс түнгі уақытта сағат 21:00-ден 04:00-ге дейін жүргізіледі және әр тур 20 күнге созылады. Барлығы 6 тур бойынша өңдеу жүргізіледі. Масалар экожүйенің бір бөлігі болғандықтан, оларды толық жою көзделмеген, алайда жүргізілетін шаралар олардың санын 90%-ға дейін азайтуға мүмкіндік береді.

Дезинсекция жұмысын жүргізу үшін механикалық роторлы бүріккіштер, дезинсекциялық машиналар, қамысты жерлер сияқты аумақтарды өңдеуге арналған квадрокоптерлер және ірі су айдындары үшін арнайы жабдықталған қайық қолданылады. Ауқымды жұмыстарға техникалық құралдардан бөлек, 150-ден астам дезинфектор тартылған, олар қауіпсіздік талаптары бойынша нұсқаулықтан өткен.

Ауқымды өңдеу барысында басқарушы компаниялар, ПИК, МИБ, сондай-ақ білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт, құрылыс нысандары, базарлар, сауда үйлері және басқа да ұйымдар жертөле бөлмелерін ретке келтіріп, құрғатып, дезинсекция жұмыстарын жүргізу арқылы шараларға қосылуы қажет.

Дезинсекция кезінде қауіпсіздік шараларын сақтау маңызды: өңдеу жүргізілетін аумақтарға баруды шектеу, терезелерді жабу ұсынылады.