Астанада ерекше бала тәрбиелеп отырған отбасыларға арналған кездесу өтті

Астанада ерекше бала тәрбиелеп отырған отбасыларға арналған кездесу өтті

Астанада «Бақытты шаңырақ» қоғамдық қорында «Азаматтардың құқықтары мен міндеттері: теңгерім мен жауапкершілік» тақырыбында қоғамдық талқылау өтті, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Іс-шараға «Бақытты шаңырақ» қоғамдық қоры қанатының астында ерекше бала тәрбиелеп отырған отбасылар және елордалық бастамашыл топтар қатысты.

«Біз биылғы наурыз айынан бастап Астана қаласы Ішкі саясат басқармасының тапсырысы бойынша елорда тұрғындарының бастамашыл топтарын қолдауға қатысты жобаны қолға алдық. Жоба аясында «Бақытты шаңырақ» қоғамдық қорына қарасты мүгедек балалары бар отбасыларға, оның ішінде бастамашыл топтарға семинарлар, шеберлік сабақтары, кездесулер өткіземіз. Сонымен қатар, олардың жобаларын дамыту бойынша кеңестер өткізіп тұрамыз. Бұл кездесуде әрбір азаматтың қандай құқықтары бар және оларды қалай жүзеге асыруға болатыны туралы айтылды», – деді «Бақытты шаңырақ» қоғамдық қоры басшысы орынбасары Шынар Жанатаева.

Қоғамдық талқылаудың сарапшысы, «Ұлттық құндылықтар академиясы» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Әділхан Дүйсебек жаңа Конституция негізінде азаматтардың құқықтары мен міндеттеріне тоқталды. Сонымен қатар ол әрбір азамат қоғамның дамуы үшін қандай міндеттерді орындауы қажет екенін атап өтті.

«Мен лекциямды құндылық, қағидалар, құзіреттіліктер алгоритмі бойынша құрдым. Бірінші, адамның құқықтары мен міндеттерін құндылық есебінде бағалау қажет деп есептеймін. Содан кейін оны іске асырудың қағидалары болады, осыдан келіп шешімдердің тетіктері шығады. Соңында қазіргі қоғамдағы адамдар қандай қабілет-қасиеттерге ие болу керек екенін айқындаймыз. Біздің қоғамға ең қажетті нәрсе азаматтық, әлеуметтік жауапкершілік дер едім. Бұл дегеніміз заңды құрметтеу, қоғамда қалыптасқан тәртіпті сақтау, ата-бабаларымыз мұра етіп кеткен адамгершілік қағидатын ұстану, адамның өз іс-әрекеті және отбасы мен бала алдындағы жауапкершілігі дер едім. Осы қарапайым қағидаттарды елемеудің салдары қоғамдағы небір келеңсіз оқиғаларға әкеледі», – деді Әділхан Дүйсебек.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, осындай іс-шаралар алдағы уақытта да жалғасын таппақ.