
Елордада жүргізушілер арасында көлік тәртібін арттыруға және жол-көлік оқиғаларының деңгейін төмендетуге бағытталған кешенді шаралар жүйелі түрде жүзеге асады. Осыған орай, қала аумағында «Тұрақ» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтті. Оның нәтижесі туралы елорданың Коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Астана қаласы Полиция департаментінің Әкімшілік полиция басқармасы бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Махамбет Төлешов айтып берді, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Іс-шараның негізгі мақсаты – көлік құралдарын тоқтату және тұраққа қою қағидаларын бұзу фактілерін анықтау, яғни көлік пен жаяу жүргіншілер қозғалысына кедергі келтіретін жағдайлардың алдын алу.
Полиция қызметкерлері тыйым салынған орындарға - тротуарларға, жаяу жүргіншілер өткелдеріне, қоғамдық көлік аялдамаларына, сондай-ақ арнайы техниканың жүруіне кедергі келтіретін аулаларға көлік қою деректеріне ерекше назар аударды. Сонымен қатар жол белгілері мен таңбалардың талаптарын сақтамау, маневр жасау, қиылыстар мен жаяу жүргіншілер өткелдерінен өту ережелерін бұзу сияқты басқа да құқық бұзушылықтардың жолы кесілген.
«Іс-шара аясында жолаушыларды тасымалдау талаптарының сақталуы да тексерілді. Жүргізушілерге қауіпсіздік белдігін тағу және балаларға арналған арнайы ұстап тұру құрылғыларын міндетті түрде қолдану қажеттігі түсіндірілді.
Профилактикалық жұмыс тек бақылаумен шектелмей, жол-көлік оқиғаларын азайтуға бағытталған түсіндіру шараларымен қатар жүргізілді.
Құқық бұзушылықтардың алдын алу және автокөліктерді эвакуациялауға жол бермеу мақсатында жүргізушілерге тұрақ ережелері түсіндірілді. Атап айтқанда, көлік құралдары тек жол белгілері мен таңбаларымен белгіленген арнайы орындарға ғана қойылуы тиіс. Бұл талаптарды бұзу әкімшілік жауапкершілікке әкеледі. Айыппұл салудан бастап, автокөлікті коммуналдық тұраққа эвакуациялауға дейінгі шаралар қарастырылған», – дейді ол.
Іс-шара қорытындысы бойынша жол жүрісі қағидаларын бұзудың 1500-ден астам дерегі тіркелген. Олардың басым бөлігі жол белгілері мен таңбаларын сақтамауға қатысты. Барлығы 685 жағдай анықталды.
Сондай-ақ, көлікті тоқтау және тұраққа қою ережелерін бұзу бойынша 700-ден астам дерек тіркелген. Ең жиі кездесетін құқық бұзушылықтар қатарында тротуарларда, балалар және спорт алаңдарында, жолдың жүру бөлігіне көлік құралдарын қою фактілері бар.
Жыл басынан бері елордада тұраққа қою ережелерін сақтамау бойынша 56 500-ден астам әкімшілік хаттама тіркелген. Оның ішінде 11 900-ден астамы көлікті тоқтату және тұраққа қою талаптарын бұзуға қатысты.
«Тұрақ» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында 53 көлік құралы коммуналдық тұраққа қойылып, 922 автокөліктің мемлекеттік тіркеу нөмірлері алынып, пайдалануға тыйым салынды. Қабылданған шаралар жүргізушілердің жауапкершілігін арттыруға және қайталама құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған.
Сонымен қатар профилактикалық жұмыстар да қолға алынып, жол қозғалысына қатысушылар үшін түсіндіру акциялары ұйымдастырылған. Жадынамалар мен ақпараттық буклеттер таратылды. Жол жүрісі ережесі туралы бейнероликтер қоғамдық көліктерде, тұрғын үй кешендерінің лифтілерінде және ірі сауда-ойын-сауық орталықтарында көрсетіліп жатыр», – дейді спикер.
Полиция жол қозғалысы ережелерін сақтау - әрбір азаматтың міндеті әрі жолдағы қауіпсіздіктің басты кепілі екенін ескертеді.