
Астанада Қазақстан халқының бірлігі күніне орай және «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында 1 мамыр күні спорт фестивалі өтеді. Оған қатысуға ниеттілер санының көп болуына байланысты ұйымдастырушылар іс-шара бағдарламасына өзгерістер енгізді. Негізгі жаңалықтардың бірі – жаппай жүгіру жарысына онлайн тіркеудің енгізілуі, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Фестиваль Алматы ауданындағы жаңартылған Триатлон-парк жағалауында өтеді.
Маңызды өзгерістердің бірі – қатысқысы келетіндерге ресми сайт арқылы алдын ала тіркелу мүмкіндігінің берілуі: reg.elordasport.kz. Браслеттер мен лотерея билеттерін тарату 30 сәуір күні сағат 09:00-ден 21:00-ге дейін үзіліссіз Триатлон-паркте жүргізіледі. Қатысушылар іс-шара күні кезекте тұрмаc үшін материалдарды алдын ала алғаны жөн.
«Тұрғындардың жоғары қызығушылығы мен іс-шараға қатысуға өтініштердің көп түсуіне, сондай-ақ мереке күніне байланысты жүгіру жарыстары мен турнирлерге қатысушыларды онлайн тіркеу туралы шешім қабылданды.
Онлайн тіркеу тәулік бойы ашық, қатысушылар алдын ала өтінім беріп, өзіне қолайлы бағытты таңдай алады.
Жүгіру жарыстарына қатысу тегін, алайда орын саны шектеулі. Қатысушылардың жалпы лимиті – 1600 адам. Ең жоғары шекке жеткеннен кейін тіркеу автоматты түрде жабылады.
5 км қашықтыққа 10 жастан бастап қатысуға рұқсат етіледі, ал 400 метрлік балалар жарысына 6-дан 10 жасқа дейінгі балалар қатыса алады», – деді спорттық-бұқаралық іс-шараларды өткізу дирекциясы басшысының орынбасары Ержігіт Өсербай.
Жүгіру кезең-кезеңімен басталады:
• 09:00 – 5 км жүгіру;
• 09:05 – 2,5 км скандинавиялық жүріс;
• 10:30 – 400 метрлік балалар жарысы.
Сонымен қатар фестиваль бағдарламасына дене шынықтыру, командалық турнирлер, жеке жарыстар және спорттың әртүрлі түрлері бойынша ашық жаттығулар енгізілген.
Елорда тұрғындары мен қонақтары йога, street workout жаттығуларына тегін қатысып, сондай-ақ Василий Тахтай командасымен және қаланың жетекші фитнес-клубтарының кәсіби жаттықтырушыларымен бірге жекпе-жек түрлерінен көрсетілімдерді тамашалай алады. Белсенділіктер сағат 11:00-де Триатлон-парк көпірінің астындағы алаңда басталады.
Сондай-ақ 1 мамыр күні сағат 11:00-де командалық спорт түрлері бойынша жарыстар өтеді: ересектер арасында волейбол, 13-14 жастағы жасөспірімдер арасында шағын футбол және 15-17 жастағы қатысушылар арасында 5×5 баскетбол.
Әр дисциплина бойынша қатысу лимиті – 8 команда.
Тіркеу сағат 09:00-ден 20:00-ге дейін +7 707 977 99 70 телефоны арқылы өтеді.
Осы күні күштік спорт түрлері бойынша жеке жарыстар да өтеді. Тіркеу сол жерде сағат 10:30-да басталады.
Қатысушылар гір спорты, армрестлинг, брусьяда жаттығулар, турникке тартылу және салмақты уақытқа ұстап тұру бойынша бақ сынай алады.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, фестивальдің басты мақсаты – бұқаралық спортты дамыту, салауатты өмір салтын насихаттау және халықты белсенді демалысқа тарту.
Іс-шара Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен өткізіліп, қалалық Дене шынықтыру және спорт басқармасы Алматы ауданы әкімінің аппаратымен бірлесіп ұйымдастырады.