
Соңғы үш жылда Астанада туризм саласында тұрақты өсім байқалады. 2025 жылы қалаға 1 604 825 адам келген, бұл 2024 жылмен салыстырғанда 7%-ға көп. Елордадағы оқиғалық, іскерлік және медициналық туризмнің дамуы туралы Коммуникациялар қызметіндегі брифингте Астана қаласы Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы басшысының орынбасары Мақсат Жаңабаев пен «Astana Tourism» туризмді дамыту орталығы басқарма төрағасы Саят Құсайынов айтып берді, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.
1,6 млн туристің ішінде 380 301-і – шетелдік турист, 1 224 524-і – ішкі турист. Келушілердің 69%-ы демалу, іс-шараларға қатысу және сауда жасау мақсатында келеді, ал 31%-ы – іскерлік сапарлар.
Негізгі туристер келетін елдер қатарына Ресей, Қытай, Түркия, Германия және АҚШ жатады. Ең жоғары өсім Қытай (+28%) және Ресей (+15%) туристері арасында байқалды.
«Туризмнің дамуы қала экономикасына тікелей әсер етеді. 2025 жылы орналастыру қызметтерінің көлемі 74 млрд теңгеге жетіп, 14%-ға өсті.
Салаға салынған инвестициялар 75%-ға артып, 438,3 млрд теңгені құрады.
Бір туристің орташа шығыны тәулігіне 118 мың теңге, бұл шағын және орта бизнестің дамуына серпін береді», – дейді спикерлер.
Олардың айтуынша, медициналық туризмді дамытуға ерекше көңіл бөлініп отыр. 2026 жылы шетелдік мамандар үшін ақпараттық турлар ұйымдастырылып, халықаралық көрмелерге, соның ішінде ITB Berlin көрмесіне қатысу жоспарланған.
Іскерлік туризм де маңызды бағыт. Astana Eurasian Book Fair және RES 2026 EXPO экологиялық саммиті сияқты халықаралық іс-шаралар ондаған мың қатысушыны қатысты.
«Астанада оқиғалық туризмді дамытуға ерекше назар аударылуда. «Astana Tourism» туризмді дамыту орталығы елорданың туристік әлеуетін ілгерілету бойынша жүйелі жұмыс жүргізуде. Соңғы жылдары қала Орталық Азиядағы ірі халықаралық іс-шаралар өткізетін жетекші алаңға айналды. Мысалы, Comic Con Astana фестиваліне 70 мыңнан астам адам қатысты, оның ішінде 10 мыңға жуығы шетелдіктер. Экономикалық әсері шамамен 3,5 млрд теңгені құрады. Сондай-ақ, Jennifer Lopez, Backstreet Boys сияқты әлемдік жұлдыздардың концерттері және EXPO алаңындағы халықаралық көрмелер туристер ағынын арттырды.
2026 жылы 1000-нан астам іс-шара өткізу жоспарланған. Олардың қатарында PGL Astana киберспорт турнирі, «Болашақ ойындары», Solana Fest, Cirque du Soleil гастрольдері, Enrique Iglesias концерті бар», – дейді спикерлер.
Қазірдің өзінде халықаралық қызығушылық жоғары. Мысалы, Solana Fest фестиваліне 12 мыңнан астам билетті шетел азаматтары сатып алған. Бұл Астананың жаһандық деңгейдегі тартымдылығының артып келе жатқанын көрсетеді.