
Астана қаласы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің қызметкерлері ҚР ІІМ Ұлттық ұланының әскери қызметшілері мен қызметкерлері үшін қаржылық сауаттылықты арттыруға бағытталған ауқымды кездесу өткізді, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.
800-ден астам қатысушыны қамтыған іс-шара «Заң мен Тәртіп» республикалық қағидатын іске асыру аясында ұйымдастырылып, экономикалық құқықбұзушылықтардың жүйелі профилактикасына бағытталды.
Кездесудің негізгі мақсаты – әскери ұжымдардағы құқықтық тәртіпті нығайту, жеке құрамды алаяқтық схемалардан қорғау және әскери қызметшілердің беделі мен әл-ауқатына зиян келтіруі мүмкін экономикалық құқықбұзушылықтардың алдын алу.
Кездесу барысында департамент қызметкерлері қаржылық пирамидалардың жұмыс істеу тетіктерін жан-жақты түсіндіріп, цифрлық ортадағы алаяқтықтың жасырын белгілерін анықтауды үйретті.
Ерекше назар «дропперлер» қызметіне қатысудың жол берілмейтініне аударылды: әскери қызметшілерге өздерінің банк карталары мен шоттарын күмәнді қаражатты қолма-қол ақшаға айналдыру үшін үшінші тұлғаларға беру оларды ауыр қылмыстарға сыбайлас ететіні және қатаң құқықтық салдарға әкелетіні ескертілді.
Жиында лудоманиямен күрес мәселесі де талқыланды. Спикерлер ойынға тәуелділіктің моральдық бейнені және қаржылық тұрақтылықты қалай бұзатынын, ірі қарыздардың пайда болуына және сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылықтарға әкелетін негізгі себептердің бірі екенін түсіндірді.
Кездесу соңында департамент қызметкерлері әрбір әскери қызметшінің жоғары қаржылық мәдениеті мен тәртібі ел қауіпсіздігінің негізі және күштік құрылымдар қатарында заңдылықты сақтаудың кепілі екенін атап өтті.