
Елордада 2025 жылдың рекорд иелері енген World Book of Records әлемдік рекордтар кітабының таныстырылымы өтті, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты.
Кітаптарды жазушылар, ақындар немесе журналистер жазады. Алайда ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл кітапты рекорд иелерінің өздері жазған. Бұл кітапта әлемнің шамамен 600 рекорды тіркелген, оның 20-сы – қазақстандықтарға тиесілі.
Кітап бестселлерге айналып, нарыққа шыққан сәттен бастап толық таралымы сатылып кеткен. Ресми түрде рекордтар кітабы 2026 жылғы 27 қаңтарда жарық көрді.
Сонымен қатар бүгін өз рекордтарымен кітаптың келесі басылымына енген қазақстандықтарды марапаттау рәсімі де өтті. Атап айтқанда, Гүлзат Сарсекеева 1 сағатта 500 тақия тікті.
Ләйлә Даулет, Жанар Сейілбекова және Күләш Сәтімбекова қолмен тігілген алып сырмақ жасау жобасына тікелей қатысты. Жобаға 500 адам қатысып, кілемнің жалпы аумағы 300 метрден асты.
Уәлихан Смағұлов – «Жалмауыз кемпір» атты толықметражды фильмді жалғыз өзі түсіріп, 21 мамандық иесінің қызметін атқарған адам.
Рахима Берген «Алуа аруы» деп аталған қазақ қызы бейнесіндегі алып инсталляция жасау жобасына жетекшілік етті.
Азия мен Африка елдері бойынша кітаптың бас өкілі Қуандық Құдайбергеновтің айтуынша, бүгінгі таныстырылым кітаптың жарық көруінен гөрі оны сауда желісіне ресми түрде шығаруына арналды. Басылым 2026 жылғы мамырдан бастап «Меломан» желісінде сатылымға шығады.
Ал әлемдік деңгейде ол Amazon арқылы қолжетімді болады. Жалпы таралымы – 110 мың дана, оның ішінде Қазақстанда – 10 мың дана.
«Бүгінгі негізгі себеп – рекордтар кітабы. Ол алғаш рет Қазақстанда 43 елдің өкілдері қатысқан халықаралық көрмеде таныстырылды. Бұл – әлем рекордшысы сертификатының металл нұсқасы, штрих-коды бар хрусталь мүсінше және Испанияда жасалған күміс медаль. Мүсіншедегі штрих-код оның иесінің орнын айқындайды. Әлемдік рекордтар кітабы – 89 елдің басын қосатын осындай бағыттағы екінші кітап. Ол тіпті Гиннестің рекордтар кітабынан да ауқымды, өткен жылы шамамен 600 әлемдік рекорд тіркелді», – деді Құдайбергенов.
Іс-шараны ұйымдастырушылардың бірі Рахима Берген өз әсерін былайша жеткізді.
«Біз Наурыз мерекесінде 10 метрлік инсталляцияны таныстырдық – бұл «Алуа аруы» деп атаған қыз бейнесі.
Ол Қазақстандағы басты инсталляцияға айналды. Оның жұмымына 5 жастан 74 жасқа дейінгі 200 ерікті атсалысты.
Біз оларды оқытып, олар тоқып, кейін оны біріктірдік, осылайша қыз баланың киімін сәндедік десек болады. 154 келіден астам жіп пайдаландық. Бұл жобада мемлекет, бизнес және қоғам бірігіп осындай ауқымды дүниелер жасай алатынын көрсеттік», – деді ол.
Оның айтуынша, бүгінгі марапаттар әлемнің біздің этномәдениетімізді мойындайтынын дәлелдейді.
Келесі кітаптың таныстырылымы 2027 жылғы қаңтарда Ыстанбұлда өтеді.