«Astana Eurasian Book Fair – 2026»: елордада кітап көрме-жәрмеңкесіне 30 мыңға жуық адам қатысты

«Astana Eurasian Book Fair – 2026»: елордада кітап көрме-жәрмеңкесіне 30 мыңға жуық адам қатысты

Елордадағы Президент орталығында «Astana Eurasian Book Fair – 2026» IX Халықаралық кітап көрме-жәрмеңкесі өтіп жатыр. Бірнеше күнге созылған жәрмеңке отыз мыңға жуық оқырманды қамтыды. «Astana Eurasian Book Fair – 2026» кітап көрме-жәрмеңкесін Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі және Астана қалалық әкімдігінің және «Qazaq Creative» Креативті индустрияларды дамыту қорының қолдауымен «Фолиант» баспасы ұйымдастырып отыр, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Көрменің басты мақсаты – кітап оқуды дәріптеу, оқу мәдениетін қалыптастыру, кітап нарығындағы жаңа өнімдерді көрсету, баспа саласындағы заманауи технологияларды таныстыру және халықаралық әріптестікті дамыту.

«Кітап көрмесі халықаралық деңгейде өтіп жатыр. Бұл тәуелсіздіктің арқасы, ұлттық деңгейде ұлттық әдебиетті жаңғыртып жатырмыз. Бұл қазақтың жаңғыруы деген сөз. Кітаптың өркениетінде көптеген жақсы дүние тұр. Әлем руханияты қазақ тілінде сөйлеп отыр, қазақ оқырмандарына жетті. Мұның шоқтығы биік бола береді», – деді ақын, аудармашы Сұраған Рахмет.

Бес күнге жалғасатын іс-шараға қала тұрғындары көптеп қатысуда. «Astana Eurasian Book Fair – 2026» көрмесіне 80-нен астам кітап шығару, танымдық-ғылыми білім беру және полиграфиялық компаниялар қатысып отыр. Оның тең жартысы – қазақстандық ұйымдар. Сондай-ақ Қазақстан, Ресей, Түркия, Қырғызстан, Өзбекстан, Әзербайжан, Моңғолия, Испания, Қытай, Иран, Беларусь, Португалия, Венесуэла, Ұлыбритания елдерінен көптеген ұйымдар қатысты.