
Астанада «Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында қаланың барлық ауданында абаттандыру және көгалдандыру бойынша ауқымды жұмыс жүргізілді, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.
Экоакция қала аумағын санитарлық тазартуға, абаттандыруға және көгалдандыруға бағытталды.
Іс-шараға 120 мыңнан астам тұрғын, сондай-ақ 3,5 мыңнан аса кәсіпорын, ұйым мен мекеме қатысты. Оған қала тұрғындары, мәдениет қайраткерлері, құрылыс компаниялары, қоғамдық белсенділер, кәсіпорын қызметкерлері, мүлік иелері бірлестіктері (МИБ/ПИК), шағын және орта бизнес өкілдері, еріктілер, студенттер және белсенді азаматтар қосылды.
Бұл жұмысқа шамамен 930 бірлік арнайы техника жұмылдырылды. Қатысушылар аулалар, көшелер, саябақтар мен қоғамдық кеңістіктерді ретке келтірді.
Акция барысында 2 400-ден астам аула аумағы тазартылып, 100-ден аса саябақ пен гүлзар қамтылды. Көгалдандыруға ерекше көңіл бөлініп, қалада шамамен 10 мың түп ағаш отырғызылды.
Сонымен қатар 150 тонна қоқыс шығарылды.
Іс-шараның негізгі мақсаты – экологиялық мәдениетті қалыптастыру, тұрғындардың қоршаған ортаның тазалығына жауапкершілігін арттыру және халықты абаттандыру жұмысына кеңінен тарту.
Әрбір тұрғын мен әрбір ұйым көшелер мен аулаларды абаттандыруға үлес қосып, Астананы таза, жайлы әрі экологиялық тұрғыдан қолайлы етуге атсалысты.
#ТазаҚазақстан #экология #TazaChallenge #ТазаАула @TazaQazaqstan