№1 Индустриялық парк аумағында бизнес өкілдерінің қатысуымен ауқымды экологиялық акция өтті

№1 Индустриялық парк аумағында бизнес өкілдерінің қатысуымен ауқымды экологиялық акция өтті

Елордада №1 Индустриялық парк аумағында «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында қалалық сенбілік өтті. Іс-шараға мыңнан астам адам қатысты – өнеркәсіп кәсіпорындарының қызметкерлері мен шағын және орта бизнес өкілдері, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты.

Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы басшысының орынбасары Нұржан Әшімов сенбілікке қатысушылар 1000-нан астам көшет отырғызғанын хабарлады. Негізгі назар төзімді әрі экологиялық тиімді ағаш түрлеріне – терек пен қарағашқа аударылды. Бұл ағаштар ауаның сапасын жақсартуға және көмірқышқыл газын белсенді сіңіруге ықпал етеді.

Оның айтуынша, көшеттерді отырғызу алдын ала тиісті мекемелермен, оның ішінде табиғи ресурстар басқармасы мен урбанистика саласының мамандарымен келісілген.

Көгалдандыруға күтім жасауды кейіннен мердігер ұйымдар қамтамасыз етеді.

Нұржан Әшімов мұндай бастамалардың маңыздылығын атап өтті.

«Біздің мақсат – тұрғындардың ағаш отырғызуы ғана емес. Бұл экологиялық мәдениетті қалыптастыру және жас ұрпақты тәрбиелеу.

Қатысушылар балаларымен келсе дейміз, олар үлкендерден үлгі алып, болашақта осындай бастамаларды жалғастырады», – деді ол.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай іс-шаралар әсіресе өнеркәсіп нысандары шоғырланған аумақтарда экологиялық жауапкершілікті қалыптастыруға және қалалық ортаны дамытуға маңызды үлес қосады.

#ТазаҚазақстан #экология #TazaChallenge #ТазаАула @TazaQazaqstan