
Астананың Есіл ауданында «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында ерекше шара өтті: дәрігерлер мен денсаулық сақтау саласының сарапшылары ағаш отырғызу жұмысына қатысты, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.
Акция Еуропалық иммундау апталығы аясында ұйымдастырылды.
Іс-шараға Астана қаласы әкімдігінің өкілдері, Денсаулық сақтау басқармасы, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДҰ) өкілдері, сондай-ақ медициналық мекемелердің басшылары қатысты.
Қатысушылар Қабанбай батыр даңғылы бойына ағаш отырғызып, адам денсаулығы мен қоршаған орта арасындағы байланысты нығайтты.
Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының дәрігері Назерке Рахымғали бұл бастаманың маңызын атап өтті.
«19-26 сәуір аралығында бүкіл әлемде Еуропалық иммундау апталығы өтіп жатыр. Қазақстан да бұл бастамаға белсенді қатысуда. Осы апта аясында бүгін сенбілік ұйымдастырып, қосымша ағаш отырғызу шарасын өткіздік», – деді ол.
Оның айтуынша, акцияның мәні зор.
«Ағаш – бізге оттегі беретін тіршілік көзі, яғни болашағымыз. Бұл шараны ұйымдастыруға мүмкіндік жасаған Астана қаласының әкімдігіне және ДДҰ-ға алғысымызды білдіреміз», – деді дәрігер.
Игі бастамаға ДДҰ-ның вакцина арқылы алдын алатын инфекциялар және иммундау жөніндегі бағдарламалар үйлестірушісі Қанат Суханбердиев те қатысты. Ол вакцинация мен экология арасындағы байланысты атап өтті.
«Вакцинацияның маңызы туралы айтып жүрміз, ал ағаш отырғызу – табиғатты қорғау. Екеуі де болашаққа деген қамқорлықтың көрінісі», – деді ол.
Оның пікірінше, ағаш отырғызу – аурулардың алдын алу сияқты, болашаққа салынған инвестиция. Бұл қала ауасының тазаруына, көлеңкенің пайда болуына және жайлы орта қалыптастыруға ықпал етеді.
Ұйымдастырушылар мұндай бастамалар еліміздің басқа өңірлеріне де үлгі болады деп сенеді.
Экологиялық акция тек көгалдандыруға үлес қосып қана қоймай, тәрбиелік маңызға да ие болды.
Қатысушылардың пікірінше, мұндай шаралар жастардың қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауын қалыптастырады.
«Бұл – балалар мен жасөспірімдерге үлгі болатын тәрбие сәті. Олар қаламызға бірлесіп қалай қамқорлық жасау керектігін көріп өседі. Мұның бәрі қоғамның әл-ауқатына оң әсер етеді», – деді қатысушылардың бірі.
#ТазаҚазақстан #экология #TazaChallenge #ТазаАула @TazaQazaqstan