
Еуропалық иммундау апталығы аясында елордадағы MEGA Silk Way сауда-ойын-сауық орталығында вакцинацияға деген сенімді арттыру және халықты кеңінен ақпараттандыруға бағытталған акция өтіп жатыр, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты.
Іс-шара жыл сайын қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының ұйымдастыруымен Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Қазақстандағы өкілдігімен бірлесіп өткізіледі.
«Бастаманың мақсаты – халықтың вакцинацияның маңыздылығы туралы хабардарлығын арттыру, иммунопрофилактикаға деген сенімді қалыптастыру және жұқпалы аурулардың алдын алу. Акция аясында мамандар СОО келушілеріне кеңес беріп, ұлттық екпе күнтізбесі туралы сұрақтарға жауап береді, вакциналардың әсер ету механизмдерін және олардың қауіпсіздігін түсіндіреді. Қала тұрғындары мен қонақтары өз денсаулығы мен жақындарының денсаулығын қорғау бойынша сенімді ақпарат пен ұсынымдар ала алады», – деп хабарлады басқарма.
Астанадағы №9 емхананың өкілі Ботагөз Дүйсембекованың айтуынша, мұндай акциялар вакцинация туралы маңызды ақпаратты халыққа қолжетімді әрі бейресми форматта жеткізуге мүмкіндік береді. Мамандардың сөзінше, тұрғындарда иммундауға қатысты сұрақ көп болғанымен, олардың бәрі бірдей емханаларға жүгіне бермейді.
«Көпшілік емханаға тек ауырған кезде ғана бару керек деп ойлайды. Бірақ бұл дұрыс емес. Алдын алу мақсатында да бару маңызды. Иммунопрофилактика – денсаулықты қорғаудың ең тиімді әрі дәлелденген тәсілдерінің бірі», – деді ол.
Көшпелі акция форматы халықты кеңірек қамтып, түсіндіру жұмысын тұрғындарға ыңғайлы жерде жүргізуге мүмкіндік береді.
Маман сондай-ақ Қазақстанда вакцинация тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі аясында жүргізілетінін еске салды. Ол туберкулез, қызылша, пневмококк инфекциясы және вирустық гепатит секілді аурулардың кең ауқымын қамтиды.
СОО келушілері мұндай ақпараттық форматтың ыңғайлы екенін атап өтті. Мәселен, елорда тұрғыны Руслан Смағұлов вакцинацияның маңыздылығына және әр адамның өз денсаулығына жауапкершілігіне тоқталды.
«Бұл шынымен маңызды. Өзім уақытында екпе алып тұрамын, балаларымда да – ауырмасын, қорғалған болсын», – деді ол.