
Астанада маса, шыбын-шіркей және өзге де жәндіктерге қарсы ауқымды дезинсекциялық жұмыстар жүргізілуде. Іс-шаралар екі ауысымда өтіп жатыр, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Сәуір айының басында су айдындарын өңдеудің бірінші кезеңі басталды. Қазіргі таңда маса дернәсілдері анықталған 8600 гектар су айдыны өңделді.
Су айдындарын өңдеу аяқталған соң, 27-29 сәуір аралығында қаланың орталық бөлігін жаппай өңдеу басталады. Жұмыстар алдымен орталықтан басталып, кейін шет аймақтарға қарай ығыстыру әдісімен жүргізіледі, қатарынан қорғаныс белдеуі қалыптастырылады.
Дезинсекция түнгі уақытта – сағат 21:00-ден 04:00-ге дейін жүргізіледі. Әр кезең айына 20 күнге созылады, жалпы алты кезең жоспарланған. Мамандардың айтуынша, масалар экожүйенің бір бөлігі болғандықтан, оларды толық жою көзделмейді, алайда жүргізілетін шаралар олардың санын 90%-ға дейін азайтуға мүмкіндік береді.
Жұмыстар барысында механикалық роторлы бүріккіштер, дезинсекциялық техникалар, қамысты және жетуі қиын аумақтарды өңдеуге арналған квадрокоптерлер, ал ірі су айдындарында арнайы жабдықталған қайықтар пайдаланылады.
Ауқымды жұмыстарға 150-ден астам арнайы дайындықтан өткен дезинфектор жұмылдырылған.
Сонымен қатар басқарушы компаниялар, ПИК, МИБ, сондай-ақ білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт нысандары, базарлар мен сауда үйлері жертөлелерді құрғату, аумақтарды абаттандыру және қосымша дезинсекция жүргізу арқылы бұл шараларға атсалысуы қажет.
Дезинсекция кезінде қауіпсіздік шараларын сақтау маңызды: өңделіп жатқан аумақтарға бармаған жөн және жұмыстар жүргізілген кезде терезелерді жабу қажет.