Еуропалық иммундау апталығы: Астанада тегін вакцинациялау жүріп жатыр

Еуропалық иммундау апталығы: Астанада тегін вакцинациялау жүріп жатыр

Астана қаласында «Вакциналар әрбір ұрпаққа маңызды» ұранымен Еуропалық иммундау апталығы өтіп жатыр. Науқан 25 сәуірге дейін жалғасады. Ол халықтың профилактикалық екпелердің маңызы туралы ақпараттануына және иммундау жүйесіне деген сенімді нығайтуға бағытталған. Бұл туралы елорданың Коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Астана қаласының бас санитариялық дәрігері Айгүл Шағалтаева, «№3 көпбейінді қалалық балалар ауруханасы» ШЖҚ МКК Медициналық бөлім жөніндегі директордың орынбасары Роза Өтегенова, Вакцинация бойынша штаттан тыс үйлестіруші Перизат Лабекова мәлім етті, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты.

Спикерлердің айтуынша, Қазақстанда вакцинация тегін әрі баршаға қолжетімді. Қаланың барлық емханаларындағы екпе кабинеттері сағат 08:00-ден 17:00-ге дейін жұмыс істейді. Басты мақсат - жұқпалы аурулардың алдын алуда иммундаудың маңыздылығы туралы халықтың хабардарлығын арттыру және оны инфекциялармен күрестің негізгі әдісі ретінде насихаттау.

«Профилактикалық екпелердің ұлттық күнтізбесіне сәйкес, (ҚР Үкіметінің 2020 жылғы 24 қыркүйектегі №612 қаулысы) Астана қаласында балалар дифтерия, қызылша, көкжөтел, полиомиелит, қызамық, паротит және адам папиллома вирусына қарсы вакциналарды тіркелген емханаларда тегін түрде алады. Екпе алу үшін учаскелік дәрігерге жүгініп, медициналық рұқсат алу қажет. Екпеге дейін ата-ана немесе заңды өкіл ақпараттандырылған келісім береді, содан кейін бала белгіленген күнтізбеге сәйкес вакцинациядан өтеді.

Жүйелі иммундаудың арқасында бүгінде Астанада дифтерия, полиомиелит, сіреспе, қызамық, құтыру, b типті гемофильді инфекция және пневмококк инфекциясы сияқты қауіпті аурулар тіркелмейді. Эпидемиялық паротит жағдайлары бірен-саран кездеседі.

Сонымен қатар вакцина арқылы басқарылатын жекелеген инфекциялар (қызылша, А вирусты гепатиті) тіркелуде. Мәселен, 2026 жылдың алғашқы үш айында елордада қызылшаның 1483 жағдайы тіркелген, оның 81%-ы 14 жасқа дейінгі балаларға тиесілі. Оның ішінде, ауру жұқтырғандардың 83%-ы екпе алмаған, 15%-ының вакцинация мәртебесі белгісіз, тек шамамен 2%- ғана толық емес иммундаудан өткен», – дейді спикер.

А вирусты гепатитіне қарсы вакцинация Астана қаласында 2006 жылдан бері жергілікті бюджет есебінен жүргізілуде. Вакцинация енгізілгеннен бері сырқаттанушылық 22 есеге азайғанымен, соңғы жылдары өсім тіркелуде. 2023 жылы - 175 жағдай, 2024 жылы - 196, 2025 жылы - 114, 2026 жылдың 3 айында айларында 22 жағдай тіркелген, оның 9-ы балалар арасында. Ауру жұқтырған балалардың басым бөлігі вакцина алмаған.

Жоспарлы вакцинациямен қамтудың төмендеуі эпидемиологиялық жағдайға тікелей әсер етеді. Негізгі себептердің бірі - инфекциялардан қорғанысы жоқ «иммунитетсіз қабаттың» қалыптасуы. 2016 жылдан бері Астанада вакцинациядан бас тартудың 11 мыңнан астам жағдайы тіркелген. Медицина қызметкерлерінің түсіндіру жұмыстарының арқасында ата-аналардың шамамен 60%-ы өз шешімдерін қайта қарап, балаларын вакцинациялады. Дегенмен қазіргі таңда 4 мыңнан астам тұрақты бас тарту сақталуда. Негізгі себептер: жеке көзқарастар, вакциналарға сенімсіздік, жалған ақпараттың ықпалы, діни нанымдар. Вакцинадан бас тарту - тек жеке шешім ғана емес, сонымен қатар айналадағы адамдар үшін де қауіпті. Әсіресе жаңа туған нәрестелер, қарттар және иммунитеті әлсіз адамдар осал топқа жатады.

«Ұжымдық иммунитет – вакцинациямен қамту деңгейі жоғарлаған кезінде қалыптасады. Халықтың басым бөлігі егілген жағдайда, инфекция қоздырғыштары кең тарала алмайды, бұл аурулардың өршу қаупін төмендетеді. Осылайша тек егілген адамдар ғана емес, сонымен қатар медициналық себептермен екпе ала алмайтындар – кішкентай балалар, қарттар және иммунитеті әлсіреген адамдар да қорғалады.

Вакцинацияның тиімділігі дәлелденгеніне қарамастан, қоғамда түрлі мифтер сақталуда. Мысалы, вакциналардың аутизммен байланысы бар деген пікір ғылыми зерттеулермен расталмаған. Сондай-ақ, «ауруды өткеріп алған дұрыс» деген көзқарас та қате, өйткені жұқпалы аурулар ауыр асқынуларға, тіпті өлімге әкелуі мүмкін. Вакциналардың қауіпсіз емес екендігі туралы пікірлер де шындыққа сәйкес келмейді, себебі барлық препараттар қолданар алдында сапа мен қауіпсіздік бойынша қатаң көпсатылы тексерістен өтеді.

Вакцинация соңғы 50 жылда әлем бойынша 150 миллионнан астам адамның өмірін сақтап қалған қоғамдық денсаулық сақтаудың ең ірі жетістіктерінің бірі ретінде танылған. Оның арқасында қауіпті инфекциялардан сырқаттану мен өлім-жітім айтарлықтай төмендеп, нәресте өлімі 40%-ға азайды. Қазіргі таңда ғылым малярия, АПВ, тырысқақ, денге, менингит, Эбола және маймыл шешегі сияқты ауруларға қарсы жаңа вакциналарды әзірлеуді жалғастыруда», – дейді мамандар.

Еуропалық иммундау апталығы аясында Астана қаласының медицина қызметкерлері ата-аналарды балаларды уақытылы вакцинациялауға және емханалардағы тегін иммундау мүмкіндіктерін пайдалануға шақырады. Екпе алу - сенімді қорғаныс, ал екпе алу туралы шешім бүкіл қоғамның қауіпсіздігіне тікелей әсер етеді.