
Елордадағы Е.Рахмадиев атындағы мемлекеттік академиялық филармония ғимаратында «Ағалар ерлігі – ұрпаққа аманат!» атты әскери-патриоттық акция өтіп, оның аясында Қарулы күштер қатарына шақырылған жастарды салтанатты түрде шығарып салу рәсімі ұйымдастырылды, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.
Іс-шараға шақырылушылардың ата-аналары мен жақындары, мерзімді қызметтегі әскери қызметшілер, «Жас сарбаз» қозғалысының тәрбиеленушілері, Қарулы күштер ардагерлері, Сенат депутаттары және қала әкімдігінің өкілдері қатысты.
Астана қаласы Қорғаныс істері департаментінің басшысы Руслан Балтеміров елордалық жастарды әскерге шығарып салу игі дәстүрге айналғанын атап өтті. Оның айтуынша, биылғы көктемгі шақыру науқаны 16 наурыздан 30 маусымға дейін жалғасады және осы кезеңде шамамен 1400 адам әскери қызметке шақырылады.
Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің орынбасары, генерал-майор Асқар Мұстабеков қатысушыларды құттықтап, Қарулы күштердің ел тыныштығын сақтау мен мемлекеттің қорғаныс қабілетін нығайтудағы маңызын атап өтті.
Сондай-ақ ол әскери қызметте үздік нәтижеге қол жеткізген сарбаздарға қазақстандық жоғары оқу орындарында білім алуға арналған жеңілдік сертификаттарын табыстады.
Әскери қызметші Бейбарыс Хасен өз сөзінде әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлерінде қызмет етіп жатқанын және жақын арада запасқа шығатынын айтты. Оның айтуынша, үздік қызметі үшін берілген грант алдағы уақытта Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті «ақпараттық қауіпсіздік» мамандығы бойынша білім алуға мүмкіндік береді.
Акция аясында алғашқы әскери дайындық пәні мұғалімдеріне алғыс хаттар табысталып, қару-жарақ көрмесі мен мерекелік концерт ұйымдастырылды.