Астанада өткен әдеби кеш ақындар мен студенттерді жинады

Астанада өткен әдеби кеш ақындар мен студенттерді жинады

«Астана қаласының мемлекеттік архиві» мемлекеттік мекемесінде қазақ поэзиясының көрнекті өкілі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, «Парасат» орденінің иегері Серік Тұрғынбекұлының 80 жылдық мерейтойына арналған «Ешкім бөліп алмайды ақынды елден...» атты мазмұнды әрі тағылымы мол дөңгелек үстел өтті, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Сондай-ақ, іс-шараға ақынның жары Жанна Ізбасарқызы мен Астана қаласының Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының Архив ісін ұйымдастыру бөлімінің басшысы Жангүл Құдабайқызы, белгілі ақындар, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Топ жарған» тобының студенттері және архив қызметкерлері қатысты.

Жиынды ашқан Жангелді Бимолдин бұл мерейтойдың мәніне ерекше тоқталып, оны тек бір ақынның мерейлі жасы емес, тұтас қазақ поэзиясының, қазақ руханиятының үлкен мерекесі ретінде бағалады. Серік Тұрғынбекұлы – жыр әлеміне өз үнімен келіп, ұлттық поэзияның көркемдік көкжиегін кеңейткен бірегей тұлға. Ақын жырларынан елге деген сүйіспеншілік, ұлтқа адалдық, уақытқа сергек көзқарас пен адам жанына деген терең іңкәрлік анық аңғарылады. Ол Серік ақынның шығармашылығы тек көркемдікпен шектелмей, азаматтық үн мен биік рухты қатар алып келгенін атап өтті.

Әбжан Әбілтай өз сөзінде шығармашылық жолдың оңай еместігін, оның үздіксіз ізденіс пен еңбекті талап ететінін ерекше атап өтті. Ол жастық шағында Серік Тұрғынбекұлы мен оның замандастарын алғаш көріп, олардың сөзін тыңдаудың өзі үлкен мектеп болғанын тебіреніспен еске алды. Сол кезеңдегі әсер мен құрмет сезімі оның шығармашылық бағдарын қалыптастырғанын айтып, бүгінгі буын үшін үлкендерден үйренудің маңызы зор екенін жеткізді.

Аманғали Қалжанов Серік Тұрғынбекұлының шығармашылығы әлдеқашан өз бағасын алғанын айтып, оның поэзиясындағы байсалдылық пен тереңдікке назар аударды. Ол ақынның тек өлеңмен ғана шектелмей, драматургия, публицистика, ән мәтіндері саласында да өнімді еңбек еткен жан-жақты тұлға екенін атап өтті. Сонымен қатар, оның қарапайымдылығы мен жауапкершілігі, азаматтық ұстанымы – кейінгі буынға үлгі екенін әрі Астананы терең жырлаған санаулы ақындардың бірі екенін де ерекше атап өтті.

Кездесу барысында ақынның өмірі мен шығармашылық жолына арналған бейне-шолу ұсынылып, архив қорларындағы құнды қолжазбалар, сирек құжаттар мен тарихи фотосуреттерден бейне ролик ұсынылды.

Іс-шара барысында ақынның ізбасарлары – белгілі ақындар Ахат Расул, Ұмтыл Зарыққан, Әбжан Әбілтай, Мұхарбек Жәкейұлы, Еркеғали Бейсен, Аманғали Қалжан, сондай-ақ Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ-дың «Топ жарған» тобының студенттері Әлмаханұлы Нұрхан мен Назерке Қалжігіт Серік Тұрғынбекұлының ең таңдаулы өлеңдерін мәнерлеп оқып, көпшілікке ерекше рухани әсер сыйлады.