«Екпе тек өз балаңды ғана емес, өзгелерді де қорғайды» – астаналық ана вакцинацияның пайдасы туралы

«Екпе тек өз балаңды ғана емес, өзгелерді де қорғайды» – астаналық ана вакцинацияның пайдасы туралы

Астанада иммундау апталығы жалғасып жатыр. Оның аясында халыққа вакцинацияның маңызы туралы кең ауқымды ақпараттық жұмыс жүргізіліп жатыр. Ата-аналар да балалардың денсаулығын сақтау үшін екпені уақытында салдыруға тырысады. Үш баланың анасы Ботагөз Әшімова осы тақырыпта өз ойын жеткізді, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.

Ботагөз Әшімова балаларын екпе күнтізбесіне сәйкес уақытылы вакцинациялап келеді және вакцинаның зияны болады деп қорықпайды.

«Балаларыма екпе салатын уақыт келгенде, әрине, менде де сұрақтар мен күмән болды – бұл әр ата-ана үшін қалыпты жағдай. Бірақ мен сенімді ақпарат көздерін оқып, дәрігерден вакцинация туралы толық сұрап, балаларымды екпе алдыру туралы шешім қабылдадым», – дейді көпбалалы ана.

Оның айтуынша, вакцинация арқылы тек өз балаларыңның иммунитетін ғана емес, сонымен қатар айналадағы адамдарды, әсіресе белгілі себептермен екпе ала алмайтындарды да қорғауға болады.

«Мен екпені таңдаймын, өйткені бұл – балаларымның дені сау болашағы үшін менің жауапкершілігім. Басқа ата-аналарға да қорықпауға кеңес беремін. Өйткені екпемен алдын алуға болатын жұқпалы аурулар әлдеқайда қауіпті. Біз барлық екпені жасына қарай алып келеміз, сондай-ақ әр күз сайын тұмауға қарсы вакцина салдырамыз. Балалар тұмау мен ЖРВИ-ді жеңіл өткізеді, асқынулар болмайды», – деді Ботагөз.

Астаналық ана үлкен баласына алғаш екпе салдырғанда көптеген сұрақтар болғанын жасырмайды. Алайда оның айтуынша, алдын алуға болатын аурудан гөрі вакцинадан қорқу орынсыз екенін түсінген.

«Алғашқы екпеден кейін баланың әр реакциясын бақылап отырдым. Бірақ №9 қалалық емхананың дәрігерлері бәрін түсіндіріп, алдын ала ақпарат берді. Қорқыныштың орнын түсіністік пен тыныштық басты. Қазір мен екпенің міндет емес, баланың болашағына деген қамқорлық екенін түсіндім», – деп қорытындылады ол.

Ботагөз ата-аналарға міндетті түрде дәрігерлермен кеңесіп, тек сенімді ақпаратқа жүгінуді кеңес етті.