Елорда кітапханасында Кітап күні ұйымдастырылды

Елорда кітапханасында Кітап күні ұйымдастырылды

Астанадағы №8 көпшілік кітапханада Ұлттық кітап күніне орай «Book Day: оқы, ойлан, бөліс» атты әдеби-танымдық іс-шара өтті, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Іс-шара ашық диалог алаңы форматында ұйымдастырылды.

№8 кітапхана меңгерушісі Жанна Айдарбекованың айтуынша, іс-шараның мақсаты – жастардың көркем әдебиетке қызығушылығын арттыру, өскелең ұрпақ арасында кітап оқу мәдениетін қалыптастыру және оқырмандар арасында еркін пікір алмасуға мүмкіндік беретін алаң құру.

«Бүгінде кітапхана тек кітап сақталатын орын ғана емес, заманауи мәдени-ағартушылық орталыққа айналды. Ашық микрофон форматы жастарға өз ойын еркін жеткізіп, пікір алмасуға мүмкіндік береді. Бүгін Сәкен Сейфуллин атындағы №80 мектеп-гимназиясының оқушылары өздерінің сүйікті кітаптарын талқылап, әсерлерімен бөлісті. Мұндай формат жастардың сыни ойлау қабілетін дамытуға және ашық коммуникация мәдениетін қалыптастыруға ықпал етеді», – деді Жанна Айдарбекова.