Елордада мектепке дейінгі ұйымдарда балалардың қауіпсіздігі талқыланды

Елордада мектепке дейінгі ұйымдарда балалардың қауіпсіздігі талқыланды

Астана қаласы Білім басқармасының ұйымдастыруымен «Қауіпсіз орта – сенімді бала» тақырыбында Нұра және Есіл аудандарына қарасты мектепке дейінгі ұйымдардың ата-аналар жиналысы өтті, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Астана қаласы бойынша Бала құқықтары жөніндегі уәкілі Әсима Бимендинаның қатысуымен өткен іс-шарада Бала құқықтарын қорғау басқармасы, Полиция департаменті, Төтенше жағдайлар департаменті, Санитарлық-эпидемиологиялық басқармасы, Экономикалық тергеп-тексеру басқармасының өкілдері де қатысты.

Жиналыстың негізгі мақсаты – мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында ата-аналардың балалардың өмірі мен денсаулығын қорғаудағы жауапкершілігін арттыру, қауіпсіз орта қалыптастырудың маңыздылығын түсіндіру және күнделікті өмірде кездесетін қауіптердің алдын алу бойынша практикалық дағдыларын қалыптастыру.

Астана қаласы бойынша Бала құқықтары жөніндегі уәкілі Әсима Бимендина балалардың құқықтарының қазргі таңда қалай қорғалып жатқанын, сонымен олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және осы бағыттағы басты мәселелер мен оларды шешу жолдарына тоқталды.

Бала құқықтарын қорғау басқармасының басшысы Серік Әділбаев әрбір баланың қауіпсіз ортада өмір сүруі, оларға қауіпсіз ортаны қалыптастыру ата-ана мен мектепке дейінгі ұйымдардың басты мақсаты болу керек екендігін атап өтті.

Астана қаласы Полиция департаменті Есіл ауданы Полиция басқармасы Қоғамдық қауіпсіздік бөлімі ювиналдық полиция инспекторы полиция майоры Назым Шарипова өз баяндамасында заңнамалық нормаларға тоқталып, балаларды қорғау бойынша ата-аналардың жауапкершілігін арттыру мәселелері бойынша нақты ұсыныстар берді.

Төтенше жағдайлардың алдын алу, өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтау және балаларды қауіпсіздік ережелеріне үйрету бағытында Астана қаласының Есіл ауданы бойынша Төтенше жағдайлар басқармасының аға инженері, лейтенанты Ерғазы Құрал қауіптің алдын алу бойынша нақты алгоритмін түсіндірді.

Балалардың денсаулығын қорғау мәселесі де назардан тыс қалмады. Астана қаласы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы Есіл ауданының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің бас маманы Сымбат Өмірбекова қызылша ауруының алдын алу, сонымен қатар вакцинацияның маңыздылығын атап өтті.

Сондай-ақ, қазіргі қоғамдағы үлкен мәселелердің бірі – цифрлық қауіпсіздік тақырыбы да қарастырылды. Астана қаласы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті басшысының орынбасары Айсұлу Жалғасова дипфейк технологияларын тану және олардан қорғану жолдары туралы маңызды ақпарат ұсынды, өзінің іс-тәжірибесінде болған жағдайлармен бөлісіп, маңызды ақпарат берді.

Бұл іс-шара ата-аналар мен мамандар арасындағы өзара ынтымақтастықты одан әрі нығайтып, екі жақтан бірлесіп, балалар үшін қауіпсіз әрі сенімді орта қалыптастыруға бағытталған маңызды қадам болды.

Іс-шараға 100-ден аса мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының басшылары мен 200 - ден астам ата-аналары қатысты.

Нәтижесінде мамыр айы бойы барлық мектепке дейінгі ұйымда ата-аналар жиналысы өткізілетін болады.