
«Заң мен тәртіп» қағидатын іске асыру аясында елордалық полицейлер балалар арасындағы жол-көлік оқиғасының алдын алу, оқушылардың жол қауіпсіздігі деңгейін арттыру және жол қозғалысы ережелерін сақтау мәдениетін қалыптастыру мақсатында профилактикалық іс-шараларды тұрақты түрде өткізіп келеді, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты.
Осы бағыттағы кезекті іс-шара елордадағы №35 Н.Төреқұлов атындағы мектеп-лицейінде өтті.
Оқушыларға жолда қауіпсіз жүріс-тұрыс туралы, оның ішінде жаяу жүргіншілерге арналған жол қозғалысы ережелерінің негізгі талаптары бойынша түсіндіру дәрістері өткізілді.
Сондай-ақ оларға жол-көлік оқиғаларының мысалдары көрнекі түрде көрсетіліп, жолдан қауіпсіз өту тәртібі мен ережелерді қатаң сақтау қажеттігі жан-жақты түсіндірілді.
Іс-шараның практикалық бөлігіне ерекше назар аударылды: балаларға ойын форматында жолдан қалай дұрыс өту, реттеушінің ишаралары нені білдіретіні және тек тротуармен жүрудің маңызы түсіндірілді. Бұл шара оқушылардың құқықтық сауаттылығын арттыруға және жол қауіпсіздігі бойынша білімдерін бекітуге бағытталып, олардың қызығушылығын тудырды.
Сонымен қатар түнгі уақытта жаяу жүргіншілердің көрінуін арттыратын жарыққайтарғыш жетондар таратылып, жол қозғалысы ережелері туралы бейнематериалдар көрсетілді.
Қосымша ретінде автобустар тартылып, оқушыларға қоғамдық көлікте өзін қалай ұстау керектігі және жолаушыларды тасымалдау кезіндегі қауіпсіздік шаралары түсіндірілді.
Өткізілген іс-шара танымдық сипатқа ие болып, оқушылардың үлкен қызығушылығын тудырды. Мұндай кездесулер өскелең ұрпақ арасында жолда қауіпсіз жүріс-тұрыс мәдениетін қалыптастыруда маңызды рөл атқарып, балалардың жол-көлік жарақаттарының азаюына ықпал етеді.
#законипорядок #заңментәртіп