Астанада қылмыстың алдын алу бағытында ведомствоаралық ынтымақтастық нығайып келеді

Астанада қылмыстың алдын алу бағытында ведомствоаралық ынтымақтастық нығайып келеді

Астанада қалалық соттың ұйымдастыруымен өткен дөңгелек үстелде құқықбұзушылықтың алдын алу және заңнаманы іс жүзінде қолдану мәселелері талқыланды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Дөңгелек үстелдің тақырыбы – «Қазақстан Республикасының «Құқықбұзушылықтың алдын алу туралы» заңы және оны практикалық қолдану».

Талқылауға Астана прокуратурасының, қалалық Полиция департаментінің, Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің өкілдері, ҚР ІІМ Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің №3 мекемесінің қызметкерлері, сондай-ақ қылмыстық істерді қарайтын сот алқасының судьялары мен аудандық соттардың судьялары қатысты.

Кездесу барысында қатысушылар «Құқықбұзушылықтың алдын алу туралы» заңды іске асырудың өзекті мәселелерін қарастырып, тәжірибе алмасты және профилактикалық жұмыстың тиімділігін арттыру бойынша ұсыныстар әзірледі.

Ведомствоаралық өзара іс-қимылды күшейту мен құқық қолдану тәжірибесін жетілдіру мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Сондай-ақ құқықбұзушылықтың алдын алуға бағытталған шараларды уақытылы қабылдаудың маңыздылығы және халық арасында түсіндіру жұмыстарын жандандыру қажеттігі атап өтілді.

Дөңгелек үстел қорытындысы бойынша қоғамдық қауіпсіздікті нығайту және елордадағы құқықтық тәртіп деңгейін арттыруға бағытталған өзара іс-қимылдың негізгі бағыттары айқындалды.