
Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек Instagram парақшасында электр қуатын өндіретін қоқыс жағу зауытының құрылысы басталғаны туралы жазды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
«Астанада электр энергиясын өндіретін қоқыс жағу зауытын салу бойынша ауқымды жобаны жүзеге асыруды бастадық.
Бүгін Shenzhen Energy Group Co. Ltd компаниясының өкілдерімен бірлесіп, «Астана энергиясы» экопаркі» жобасының басталуына ресми түрде старт бердік. Кешенде қатты тұрмыстық қалдықтар жағылып, электр энергиясы өндірілетін болады.
Жоба құрылыс пен пайдалану саласындағы ең жоғары стандарттарға сай іске асырылып, Орталық Азиядағы ең озық әрі экологиялық талаптары қатаң энергетикалық экопарктердің бірін ашуды көздейді.
Жобаның құрылыс мерзімі – 36 ай. Пайдалануға берілгеннен кейін қатты тұрмыстық қалдықтарды өңдеудің жылдық қуаты 550 мың тоннаға жетеді, бұл қалалық экологиялық ортаны едәуір жақсарта отырып, қалдықтарды зиянсыз, қысқартылған және ресурс үнемдеу арқылы қайта өңдеуді толығымен іске асыруға мүмкіндік береді.
Бұл ретте электр энергиясының орташа жылдық өндірісі шамамен 330 млн кВт·сағ құрайды. Өз қажеттіліктерін қамтамасыз етумен қатар, жыл сайын шамамен 280 млн кВт·сағ таза электр энергиясы қаланың энергетикалық жүйесіне тұрақты түрде жеткізіледі. Осылайша қаланың энергетикалық қауіпсіздігіне маңызды үлес қосып, энергия тұтыну құрылымын оңтайландыруға жаңа серпін береді.
Сол сияқты жоба аясында қала тұрғындары үшін кемінде 90 тұрақты жұмыс орнын ашу әрі қызметкерлерді кезең-кезеңімен шетелде кәсіби-техникалық оқытуды ұйымдастыру қарастырылған.
Қазіргі уақытта қала аумағында пайда болатын барлық қоқыс «Astana Recycling Plant» ЖШС қалдықтарды өңдеу зауытына шығарылады. Онда олар сұрыптаудан өткеннен кейін қалдықтар полигонына тасымалданады. Қалада бір ғана рұқсат етілген қоқыс полигоны бар, ол 2 ұяшықтан тұрады. Бірінші ұяшық консервацияланған, ал екінші ұяшық 2018 жылдан бері пайдаланылып келеді және 2,2 млн тонна ТҚҚ-мен толтырылған», – деп жазды Жеңіс Қасымбек.