Астанада Еуропалық иммундау апталығы қалай өтіп жатыр

Астанада Еуропалық иммундау апталығы қалай өтіп жатыр

Әлем бойынша бастау алған Еуропалық иммундау апталығы биыл «Вакциналар әр ұрпақ үшін тиімді» ұранымен өтіп жатыр. Астанада осы науқан аясында халықтың вакцинацияға деген сенімін арттыруға бағытталған бірқатар профилактикалық іс-шаралар ұйымдастырылуда, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Өткізіліп жатқан науқан вакцинацияның өлімге әкелуі мүмкін аурулардан қалай қорғайтынын көрсетуге, медицина қызметкерлеріне халықпен эмпатиялық қарым-қатынас орнатуда қолдау көрсетуге, вакциналардың қауіпсіздігі мен тиімділігінің ғылыми негіздерін түсіндіруге, ашықтық, жауапкершілік және инновациялар арқылы сенімді нығайтуға бағытталған.

Иммундау апталығы аясында 20-25 сәуір аралығында емханаларда, Астана қаласы әкімдігінің Жоғары медициналық колледжінде және алғашқы медициналық-санитарлық көмек ұйымдарында фотосуреттер мен көркем жұмыстар көрмесі өтіп жатыр. Экспозицияларда вакцинация үдерісінің архивтік фотолары, процедуралық кабинеттердегі медбикелердің жұмысы, сондай-ақ балалардың екпенің маңызын бейнелейтін суреттері ұсынылған.

23 сәуір күні сағат 10:00-ден 18:00-ге дейін қаладағы ірі сауда-ойын-сауық орталықтарында, оның ішінде Mega Silk Way және Хан Шатыр орталықтарында елордалық дәрігерлер келушілерге ақпараттық-түсіндіру жұмысын жүргізеді.

24 сәуірде №113 мектепте иммундық жүйе тақырыбында ашық сабақ ұйымдастырылады. Биология пәнінен сабақ қазақ тілінде өткізіліп, оны ДДҰ-ның «Immune Patrol» цифрлық білім беру платформасын қолдану бойынша арнайы оқудан өткен мұғалім жүргізеді.

25 сәуірде Керей-Жәнібек хандар мен Әл-Фараби көшелерінің қиылысында ағаш отырғызу іс-шарасы жоспарланған. Оған елорда әкімдігі, Еуропалық одақ делегациясы және Қазақстандағы ДДҰ өкілдері қатысады.

Сонымен қатар иммундау апталығы аясында 100 адамның қатысуымен флешмоб өтеді. Оған Жоғары медициналық колледж студенттері мен қалалық Денсаулық сақтау басқармасының мамандары қатысып, қысқа би қойылымы арқылы вакцинация мен салауатты өмір салтының маңызын көрсетеді.

28 сәуірде №6 қалалық емханада Еуропалық одақ елдерінің елшілерімен кездесу өтіп, оларға медициналық мекеме жұмысы таныстырылып, халықты иммундау тәжірибесі талқыланады.

Апта бойы әлеуметтік желілерде иммундаудың маңызы туралы ақпарат белсенді түрде жарияланып, қоғамдық денсаулық сақтау жүйесіне деген сенімді арттыруға бағытталады.