Астанада жасөспірімдердің діни ағымға тартылуының алдын алуға бағытталған оқу курстары өтіп жатыр

Астанада жасөспірімдердің діни ағымға тартылуының алдын алуға бағытталған оқу курстары өтіп жатыр

Астанада жалпы білім беретін мектеп директорының орынбасарларына арналған курстар басталды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Дін істері жөніндегі басқармасы 20 сәуірінде «Qamqor-Astana» қоғамдық қорымен бірлесіп, Білім басқармасының қолдауымен жалпы білім беретін мектеп директорының тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасарларына арналған «Кәмелетке толмағандардың діни ортаға тартылуының ерте белгілерін анықтау және психологиялық-педагогикалық сүйемелдеу әдістері» тақырыбында курстарды бастады.

Аталған оқу іс-шараларының мақсаты – жасөспірімдердің деструктивті діни ағымдарға тартылуының алдын алу саласындағы мамандардың кәсіби құзыреттілігін арттыру, сондай-ақ тәуекелді жағдайларды ерте анықтау және дер кезінде психологиялық-педагогикалық қолдау көрсету дағдыларын қалыптастыру.

Курстың ресми ашылуына Астана қаласы Дін істері жөніндегі басқармасының басшысы Қайролла Көшқали және Астана қаласы Білім басқармасы басшысының орынбасары Маржангүл Қайырбаева қатысып, жылы лебіздерін білдірді.

Курс аясында дін саласындағы білікті мамандардың дәрістері қарастырылған. Олардың қатарында қазақстандық белгілі теолог, исламтанушы, дерадикализация саласының сарапшысы, Maqsut Narikbayev University оқытушысы А.Сабдин, Қазақстан Республикасы Психологтар мен психотерапевтер республикалық қауымдастығының сарапшы-психологы, БҰҰ-ның (Орталық Азия өңірі) халықаралық сарапшысы Л.Шакимова, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті дінтану кафедрасының профессоры К.Тышхан, психология ғылымдарының кандидаты, доцент А.Нұрадинов, «Қамқор-Астана» ҚҚ теологтары Н.Жаншин мен Д.Сақан, практик-психолог Ж.Жаңабергенова, дінтанушы-сарапшы А.Антипин, сондай-ақ қатысушыларға дін саласындағы заңнама мәселелерін түсіндіретін дінтанушы А.Романова бар.

Курстар қатысушылардың дін саласындағы білім деңгейін анықтауға бағытталған кіріспе тестілеуден басталды. Алдағы уақытта оқыту кәмелетке толмағандардың радикалдану белгілерін ерте анықтау дағдыларын дамытуға арналған практикалық сабақтармен жалғасады.

«Курс соңында меңгерілген білім деңгейін бағалау үшін қорытынды тестілеу, радикалды көзқарастарға бейім кәмелетке толмағандармен профилактикалық әңгіме жүргізу бойынша практикалық сабақтар, сондай-ақ тартылған спикерлердің жұмысына баға беру мақсатында анонимді сауалнама жүргізу жоспарланған», – деп атап өтті ұйымдастырушы, Qamqor-Astana қоғамдық қоры директорының орынбасары Ерлан Тоқбай.

Бір курсқа қаладағы 20 мектептен тәрбие жұмысы жөніндегі 20 орынбасар қатысуда. Биыл осындай 6 курс өткізу жоспарланып отып, жалпы қамту саны – 120 адам.