Астанада түнгі уақытта көңіл көтеріп жүрген жасөспірімдерді анықтауға арналған рейд өтті

Астанада түнгі уақытта көңіл көтеріп жүрген жасөспірімдерді анықтауға арналған рейд өтті

Астанада тәртіп сақшылары түнгі уақытта ересектердің қарауынсыз жүрген жасөспірімдерді анықтауға арналған рейд өткізді, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Іс-шара Сарыарқа ауданында «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында ұйымдастырылды.

«Бізде мұндай жедел іс-шаралар жиі ұйымдастырылып отырады. Құқықтық тәртіпті сақтау жедел іс-шарасы аясында сегіз кинорумды араладық», – деді Астана қаласы Сарыарқа ауданы полиция басқармасының қоғамдық қауіпсіздікті қадағалау және кәмелетке толмағандар істері жөніндегі инспекторы, полиция лейтенанты Шұғыла Аманқызы.

Оның сөзінше, кәмелетке толмағандарға түнгі сағат 22:00-ден кейін көңіл көтеруге арналған ойын-сауық нысандарында жүруге болмайды. Олардың қатарына сауда орталықтары, компьютер клубтары, кинорумдар т.б. жатады. Ал 23:00-ден таңғы сағат 06:00-ге дейін заңды өкілінсіз, тіпті, көшеде жүруге де рұқсат етілмейді.

Егер жасөспірімдер заңнаманы бұзса, ата-аналарына, не заңды өкілдеріне әкімшілік жауапкершілік қарастырылған.
Ал Сарыарқа ауданы әкімдігі Ішкі саясат бөлімінің басшысы Дамир Хисматуллинның сөзінше, бұл бағыттағы жұмыстар үздіксіз жалғасып келеді.

«Сарыарқа ауданы әкімдігінің Жастар саясаты басқармасы аудандық полиция басқармасының қызметкерлерімен бірлесіп, профилактикалық рейд жүргізді. Оның мақсаты – заңды өкілінсіз ойын-сауық орындарында және көшеде жүрген кәмелетке толмаған азаматтарды анықтау. Жалпы, мұндай жұмыс күн сайын жүргізіледі. Сарыарқа ауданында жыл басынан бері 300-ден астам әкімшілік хаттама толтырылды. Түнде жүрген жасөспірімдердің заңды өкілдері әкімшілік жауапкершілікке тартылды», – деді ол.

Сонымен қатар, маманның мәлімдеуінше, мұндай арнайы рейдтер апта сайын өтеді. Негізінен, караоке-барлар, түнгі клубтар, кинорумдер, компьютер клубтары т.б. орындар тексеріледі.

Сонымен бірге, оның сөзінше, мұндай рейдтерде түрлі жағдайлар болады. Кей бозбалалар қашып кетуге тырысуы мүмкін.

Ондай кезде «Полиция қызметкерінің заңды талабына бағынбау» бабы бойынша әкімшілік жауапкершілік қарастырылған.

«Астана жастары» жастар ресурстық орталығының 25 қызметкерінен бөлек, жобаларына атсалысатын 8 мың ерікті бар. Солардың 10-ы аталған рейдке қатысып, толықтай басы-қасында жүрді.

#законипорядок #заңментәртіп