
Астанадағы жоғары оқу орындарының студенттері «Таза Қазақстан» экологиялық айлығы аясында өтіп жатқан тазалық акциясына белсенді қатысуда, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.
Экоакцияға Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Maqsut Narikbayev University, Nazarbayev University, Астана халықаралық университеті және К.Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университетінің студенттері қосылды.
Студенттер оқу орындарына іргелес аумақтарды, аулаларды, жасыл аймақтар мен жаяу жүргіншілер жолдарын тазалады. Maqsut Narikbayev University-де сенбілік экологиялық фестиваль форматында өтіп, қатысушылар тазалық жұмысымен қатар экологиялық бастамалар мен тұрақты тұтыну мәселелерін талқылады.
Студенттердің айтуынша, мұндай акцияларға қатысу – қалалық ортаға оң әсер етудің қарапайым әрі тиімді жолы.
«Бүгін достарымызбен бірге қаланың тазалығын сақтау акциясына қосылдық. Бұл – ортақ іске үлес қосудың нақты мүмкіндігі. Қарапайым тазалықтың өзі қаланы ұқыпты әрі жайлы етеді», – деді қатысушылардың бірі.
Айта кетейік, Астанада «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы жалғасуда. Қала бойынша тазалықты сақтау, абаттандыру, көгалдандыру және экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған іс-шаралар жүйелі түрде өтіп тұрады.
#ТазаҚазақстан #экология #TazaChallenge #ТазаАула @TazaQazaqstan