
Астанада Халықаралық ескерткіштер мен тарихи орындар күніне орай «Мәдени мұраны бірге сақтайық» ауқымды республикалық акциясы ресми түрде старт алды. Іс-шара елордадағы Қаламгерлер аллеясында өтті, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.
Акция Қазақстанның барлық 20 өңірін қамтып, тарихи-мәдени нысандарды абаттандыруға және ұлттық мұраға ұқыпты қарауды насихаттауға бағытталған.
Салтанатты іс-шараға қоғам қайраткерлері мен мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты. «Астана қаласының ҮЕҰ альянсы» президенті Аяжан Өтеуова және қала әкімдігінің өкілдері тарихи мұраны сақтау баршаға ортақ жауапкершілік екенін атап өтті.
Іс-шараның маңызды сәттерінің бірі – «Madenietti Mura волонтерлері» клубы ашылды. Қазақстан Азаматтық альянсының менеджері Айжан Нығметова мен клуб үйлестірушісі Әсел Нұрханова жаңа қозғалыстың тұжырымдамасын таныстырды. Бұл бастама ел бойынша еріктілердің басын қосып, ескерткіштерге тұрақты түрде қамқорлық жасауды көздейді.
Ресми бөлімнен кейін қатысушылар Қаламгерлер аллеясын аумағын тазалап, абаттандыру жұмысына кірісті.
Қазақстан Азаматтық альянсының директоры Нұрас Ералының айтуынша, бұл акция тек экологиялық немесе волонтерлік бастама емес, ұлттық бірегейлікті қалыптастыратын тарихи құндылықтарға деген құрметті арттыруға бағытталған маңызды жоба.
Ол сондай-ақ бүгінгі таңда, әсіресе жастар арасында тарихи-мәдени мұраны сақтауға белсенді қатысуға деген сұраныс артып отырғанын атап өтті. Мұндай бастамалар мемлекет, азаматтық сектор және қоғам арасындағы өзара іс-қимылды нығайтады.
Айта кетейік, акцияның басталуы Халықаралық ескерткіштер мен тарихи орындар күнімен тұспа-тұс келіп отыр. Сонымен қатар биылғы Халықаралық еріктілер жылы да бұл бастамаға қосымша серпін беруде.
Құрылған волонтерлік клуб алдағы уақытта осындай акцияларды тұрақты түрде өткізуді жоспарлап отыр.
#ТазаҚазақстан #экология #TazaChallenge #ТазаАула @TazaQazaqstan