«Қауіпсіз жол – болашақ кепілі»: Астанада мектеп оқушыларына арнап маңызды іс-шара ұйымдастырылды

«Қауіпсіз жол – болашақ кепілі»: Астанада мектеп оқушыларына арнап маңызды іс-шара ұйымдастырылды

Елорданың №95 мектеп-лицейінде оқушылардың құқықтық сауаттылығын арттыруға бағытталған «Қауіпсіз жол – болашақ кепілі» атты іс-шара өтті, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты.

«Балаларға қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығы» ұйымдастырған кездесу барысында оқушыларға жол қозғалысы ережелері, қауіпсіз жүріс-тұрыс дағдылары және құқықтық жауапкершілік мәселелері түсіндірілді.

Мамандар жол-көлік оқиғаларының алдын алу жолдарын айтып, заң талаптарын сақтаудың маңызын атап өтті.

Бағдарлама аясында «Жас сақшылар» тобы өнер көрсетіп, 4-сынып оқушылары «Қауіпсіз жол» тақырыбындағы танымдық байқауға қатысты.

Қатысушылар жол белгілерін тану, түрлі жағдайларда дұрыс шешім қабылдау және білімдерін тәжірибеде қолдану бойынша бақ сынады.

Іс-шараға Есіл ауданы прокуратурасының бөлім прокуроры Гүлден Ахметжанова мен ювеналды полиция инспекторы Әсем Аринова қатысып, оқушыларға профилактикалық түсіндіру жүргізді.

Іс-шара соңында белсенді оқушылар мен байқау жеңімпаздары марапатталды.