Тренингтер, дәрістер және нақты кейстер: Астанада этномедиация бойынша екі күндік семинар өтті

Тренингтер, дәрістер және нақты кейстер: Астанада этномедиация бойынша екі күндік семинар өтті

Елордадағы Достық үйінде «Этномедиация – этносаралық қақтығыстардың алдын алу, реттеу және кейінгі бақылау құралы» тақырыбында екі күндік семинар-тренинг өтті. Іс-шараға мемлекеттік органдар, құқық қорғау құрылымдары, білім беру және денсаулық сақтау саласының өкілдері, сондай-ақ медиаторлар мен қоғам белсенділері қатысты, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты.

Семинар-тренингті елорда әкімдігіне қарасты «Қоғамдық келісім» КММ ұйымдастырды. Бағдарлама аясында дәрістер, интерактивті тренингтер, практикалық кейстерді талқылау және тәжірибе алмасу ұйымдастырылды. Қатысушылар нақты жағдайларға негізделген сценарийлермен жұмыс істеп, келіссөз жүргізу тәсілдерін меңгеріп, қақтығыстың әр кезеңіндегі тараптардың әрекетін модельдеді.

Семинардың алғашқы күні коммуникация құралдары мен қолданбалы медиацияға арналды. Саяси ғылымдар докторы Ұлбосын Жанатаева келіссөздер мен кәсіби коммуникация бойынша дәріс оқыды. Ал тәжірибелік бөлімді медиатор Марлен Омаров жүргізіп, қатысушылармен бірге психологиялық жаттығулар, ойын әдістері және цифрлық құралдар арқылы теорияны практикамен ұштастырды.

Екінші күні этномедиация мен ведомствоаралық өзара іс-қимыл мәселелеріне басымдық берілді. Қолданбалы этносаяси зерттеулер институтының директоры Луиза Узарова нақты қақтығыстар негізінде әзірленген кейстерді талқыласа, ЕҰУ оқытушысы Бақыт Түсіпбекова қақтығысты конструктивті диалогқа айналдыру бойынша тренинг өткізді.

«Семинар барысында қатысушылар нақты оқиғаларды (есімдер өзгертілген) талдап, жағдайды бағалау және қақтығысқа дейін, оның барысында және одан кейін қандай шаралар қабылдау қажет екенін тәжірибе жүзінде үйренді», – деді Луиза Узарова.

Сарапшылар мұндай дағдыларды әртүрлі саладағы медиаторлар – мектеп, денсаулық сақтау, құқық қорғау органдары қызметкерлері, сондай-ақ қоғамдық ұйымдар мен этномәдени бірлестіктер өкілдері меңгеруі қажет екенін атап өтті.

Практикалық бағыттағы тәжірибесімен заңгер әрі қоғамдық медиатор Геннадий Вавулин бөлісті. Ол бұл салада 12 жылдан бері жұмыс істеп келеді.

Іс-шара қорытындысында қатысушыларға сертификаттар табысталды.

Ұйымдастырушылардың мәліметінше, сәуір айының үшінші онкүндігінде ауқымдырақ, үш күндік республикалық семинар өткізу жоспарланып отыр.