
«Заң мен тәртіп» қағидаты тек құқық қорғау саласын емес, өміріміздің барлық бағытын, оның ішінде туризмді де қамтиды. Саяхатшының өз құқықтарын білуі және міндеттерін сезінуі – жайлы әрі қауіпсіз демалыстың басты шарты. Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасындағы туристік қызмет туралы» заңында осы мәселелер қарастырылған, деп хабарлайды елорда әкімдігіні ресми сайты.
Заң бойынша саяхатқа әзірленген немесе саяхат жасап жүрген әрбір турист мынадай мүмкіндіктерге ие:
• Қауіпсіздік пен көмек. Жеке басына немесе мүлкіне қауіп төнген жағдайда консулдық, дипломатиялық және өзге де мемлекеттік өкілдіктерге жүгіну.
• Ақпараттық айқындық. Уақытша болатын елдің заңнамасы, жергілікті халықтың әдет-ғұрыптары, діни салттары мен киелі орындары туралы дұрыс ақпарат алу. Бұл – заң бұзушылықтың алдын алудың алғашқы қадамы.
• Еркін қозғалыс. Уақытша болатын елде қабылданған шектеу шараларын ескере отырып, туристік ресурстарға еркін қол жеткізу.
• Шұғыл медициналық көмек. Кез келген уақытта қажетті медициналық жәрдем алу құқығы.
• Залалды өтеу. Егер туристік қызмет көрсету шарты орындалмаса, келтірілген материалдық және моральдық зиянды заң тәртібімен өндіріп алу.
«Заң мен тәртіп» қағидаты туристке тек еркіндік беріп қана қоймай, жауапкершілік те жүктейді. Саяхат кезінде, оның ішінде транзиттік сапарларда турист міндетті:
Заңды сақтау. Уақытша болатын елдің (жердің) қолданыстағы заңнамасын қатаң ұстану.
Мұраны қорғау. Қоршаған ортаға ұқыпты қарау, табиғи, тарихи және мәдени ескерткіштерді сақтау.
Ережелерге бағыну. Елге келу, онда болу және кету ережелерін, сондай-ақ транзит елдерінің тәртібін бұзбау.
Жеке қауіпсіздік. Саяхат кезінде жеке өзінің қауіпсіздік ережелерін сақтауға жауапты болу.
Туристік саладағы «Заң мен тәртіп» қағидаты – бұл екі жақты жол. Турист заңды сақтау арқылы өзін құқықтық қиындықтардан қорғайды, ал мемлекет өз кезегінде туристің құқықтарын қорғауға кепілдік береді.
Есте сақтаңыз: Басқа елдің немесе аймақтың заңдарын, мәдени ерекшеліктерін құрметтеу – сауатты туристің басты белгісі.
Заң аясында әрекет ету арқылы сіз өзіңіздің де, өзгенің де қауіпсіздігін қамтамасыз етесіз.
#законипорядок #заңментәртіп