
«Заң мен тәртіп» қағидаты аясында Астана медицина университетінде студенттермен профилактикалық кездесу өтіп, киберқылмыс, қауіпсіздік және есірткі қылмысының алдын алу мәселелері түсіндірілді, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Кездесуде Полиция департаментінің киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының өкілі Айдар Қонысбек студенттер жиі алданып қалатын алаяқтық схемалар туралы айтты. Оның айтуынша, алаяқтар өзін құқық қорғау органдарының, банк немесе ұялы байланыс операторларының қызметкері ретінде таныстырып, «арнайы операция» немесе «тергеу жүргізу» сылтауымен азаматтарды алдап, шұғыл әрекет етуді талап етеді.
Полиция ешқашан азаматтарды арнайы операцияларға тартпайтынын, банк деректерін, смс-кодтарды сұрамайтынын және бағалы заттарды ломбардқа өткізуге мәжбүрлемейтінін ескертті.
Жиі кездесетін тәсілдердің бірі – «мобильді оператордан» қоңырау шалып, SIM-картаның мерзімі аяқталды деп сендіріп, смс-код сұрау. Одан кейін «банк қызметкерлері» хабарласып, несие рәсімделіп жатыр деген желеумен ақшаны «қауіпсіз шотқа» аударуды талап етеді.
Полицияның мәліметінше, Астанада студенттердің алаяқтардың айтқанына еріп, алтын бұйымдарын ломбардқа өткізіп, ақшасын қаскөйлерге аударған жағдайлар болған.
Күдікті қоңыраулар түскен жағдайда 102 нөміріне хабарласу қажет.
Кездесуде сондай-ақ есірткі қылмысының алдын алу мәселесі де көтерілді. Мамандар соңғы жылдары синтетикалық есірткінің таралуы жиілегенін атап өтті. Жастар көбіне ортаға бейімделу мақсатында мұндай қауіпке тап болады.
Полицейлер оған балама ретінде спортпен шұғылдануға және күйзелісті азайтудың пайдалы жолдарын таңдауға кеңес берді.
Сонымен қатар шетелдік студенттерге Қазақстан аумағында жүру ережелері де түсіндірілді.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай кездесулер жастардың құқықтық сауаттылығын арттырып, заманауи қауіптерге төтеп беру қабілетін қалыптастыруға бағытталған.
#законипорядок #заңментәртіп