Астанада бүлдіршіндерге арнап білім ордасында «Болашақ оқушымен танысу күні» іс-шарасы өтті

Астанада бүлдіршіндерге арнап білім ордасында «Болашақ оқушымен танысу күні» іс-шарасы өтті

Астанадағы Ақжан Әл-Машани атындағы №92 мектеп-лицейінде №73 «Аяулым» балабақшасының мектепалды даярлық тобы тәрбиеленушілеріне арналған «Болашақ оқушымен танысу күні» атты салтанатты іс-шара өтті, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Бұл шараның басты мақсаты – балабақша түлектерін мектептің тыныс-тіршілігімен таныстырып, олардың бойындағы оқуға деген қызығушылықты ояту және жаңа ортаға бейімделуіне жан-жақты қолдау көрсету.

Аталған шараға аталған балабақшадан 75 бүлдіршін қатысты.

«Бүгін өткізіп жатқан іс-шараның мақсаты – балабақша түлектеріне мектебімізді көрсетіп, балалардың мектепке бару қорқынышын сейілтіп, мектепте өтетін түрлі іс-шаралармен таныстыру. Мектептегі бастауыш сыныпты аяқтайтын оқушыларымыз балабақша түлектерін өздері қарсы алып, мектептің өмірі: сынып, асхана, кітапхана, спорт залды таныстырып, бірінші сыныпта мектепке алып баратын сөмкенің ішіне не салынатынына дейін көрсетті», – дейді №92 мектеп-лицейінің директоры Оразгүл Жолдасбекова.

Балабақша түлектері спорт залда жаттығу жасаса, кітапханада 4-сынып оқушылары қойған «Мақта қыз» ертегісін тамашалады. Сондай-ақ, мәжіліс залына барып, оқушылардың ән, би, қолөнер сияқты әртүрлі қабілет, өнерлерін тамашалады.

«Маған дене шынықтыру сабағы, «Мақта қыз» ертегісі ұнады. Мен 1-сыныпта мектепке кітап, дәптер, қаламсап алып барамын. Тезірек мектепте оқығым келеді, бұл мектеп маған ұнап қалды», – дейді «Аяулым» балабақшасының мектепалды даярлық тобы тәрбиеленушісі Сезім Макханова.