
Астанадағы халықаралық әуежайда Бішкек қаласында тірек-қимыл аппараты зақымдалған спортшылар арасында өткен пара шахматтан Азия чемпионатының жүлдегерлерін салтанатты түрде қарсы алу рәсімі өтті, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Жеңімпаз елордалық спортшыларды әуежайдан қалалық «Елорда» спорт клубының басшысы Азамат Тағаев, клуб ұжымы, достары мен туыстары ыстық ықыласпен қарсы алды.
Айта кетейік, Бішкекте өткен дүбірлі додаға бірнеше елден 30-ға жуық спортшы қатысып, өзара мықтыны анықтады.
Аталған Азия чемпионатында елордалық спортшылар жоғары нәтиже көрсетіп, Қазақстан намысын абыроймен қорғады. Бақытжан Майкенов классика, рапид және блиц түрлерінен топ жарып, үш дүркін Азия чемпионы атанды. Ал Айғаным Камбарова рапид пен блицтен күміс жүлдеге ие болып, классикада қола медаль жеңіп алды.
Спортшылардың жаттықтырушысы Зинятқыз Нүсіпбаева жарыстың жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын атап өтіп, бұл додада Қазақстан құрамасының ең үздік команда атанғанын мақтанышпен жеткізді. Сонымен қатар, ол шәкірттерінің жоғары нәтижелеріне ерекше тоқталды.