Астанада мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының педагогтеріне арналған республикалық семинар өтті

Астанада мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының педагогтеріне арналған республикалық семинар өтті

Астана қаласындағы №98 «Мирас» балабақшасында мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының педагогтеріне арналған республикалық семинар өтті, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Семинардың тақырыбы «Абай аманаты – мектепке дейінгі жастағы балалардың ұлттық және адамгершілік құндылықтарын тәрбиелеудің негізі» деп аталды.

«Жоба аясында арнайы «Абайтану» кабинеті ашылып, балаларға ұлы ойшылдың мұрасы жүйелі түрде таныстырылды. Сондай-ақ педагогтер жасанды интеллект мүмкіндігін пайдаланып, Абайдың қара сөздерін балалардың жас ерекшелігіне сай жеңілдетіп үйретудің тиімді жолдарын тапқан. Нәтижесінде тәрбиеленушілер ақынның 45 қара сөзін меңгеріп, өлеңдерін жатқа айту деңгейіне жеткен. Бұдан бөлек, педагогтер авторлық дамытушы ойындар әзірлеп, жұмыс дәптерлері мен боямақтар шығарған. Бұл материалдар балалардың ойлау, сөйлеу қабілеттерін дамытып, шығармашылық және эмоционалдық қасиеттерін арттыруға ықпал етті», – деді балабақша меңгерушісі Несібелі Сәрсенова.

Астана қаласы білім басқармасы мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту бөлімінің басшысы Лаура Әлеуханованың сөзінше, аталған семинар – үш жылдық эксперименттік Абай алаңы жұмысының қорытынды кезеңін айқындайтын маңызды алаң. Жоба нәтижесінде жинақталған тәжірибені алдағы уақытта кеңінен тарату жоспарланып отыр.

«Негізінен «Абай аманаты» эксперименталды алаңы мектепке дейінгі ұйымдарда үш жыл бұрын ашылған. Одан бері көптеген іс-шаралар өтті.

Оның бірі – ұлы ойшыл Абай Құнанбайұлының шығармаларын дәріптеп, оны келешек ұрпақтың бойына сіңіру мақсатындағы іс-шара. Бұл бастама қаладағы №87 мектептен бастау алып, ары қарай мектепке дейінгі ұйымдарда жалғасын тапты. Осы іс-шаралар қазір қаланың 4 ауданында жүргізіліп жатыр. Осының нәтижесінде ары қарай эксперименттік алаңды кеңінен тарату қолға алынатын болады. «Абай аманаты» дегеніміз – бүлдіршіндерге Абай атамыздың өлеңдерін, қара сөздерін бойына сіңіру, дәріптеу. Біздің негізгі мақсатымыз – ұлы ойшылдың айтып кеткен ойларын ұрпаққа жеткізу», – деді ол.

Семинар бағдарламасында балалардың қатысуымен ұйымдастырылған шығармашылық және танымдық жұмыстар, қойылымдар ұсынылды.

Сондай-ақ семинар аясында педагогтер цифрлық технологияларды пайдалану арқылы ұлттық мұраны таныту тәжірибесін де көрсетті.