Бизнес таза қаланы қолдайды: елордада компания ұжымы экоакцияға қатысты

Бизнес таза қаланы қолдайды: елордада компания ұжымы экоакцияға қатысты

Елорданың кәсіпорын ұжымдары «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық бастамасын белсенді түрде қолдап келеді. Солардың бірі – «Комек Машинери Казахстан» ЖШС. Компания қызметкерлері өндіріс аумағында экологиялық акция өткізіп, маңайын тазартты, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.

Экоакцияға шамамен 80 адам қатысты. Қатысушылар кәсіпорын аумағын қоқыстан тазартып, ластанған учаскелерді ретке келтірді және қалдықтарды шығаруға дайындады.

Mitsui & Co. Ltd (Жапония) компаниясының өкілі, бас директордың орынбасары Мимура Дзюмпей мұндай бастамалардың тек практикалық емес, әлеуметтік маңызы да бар екенін атап өтті.

«Менің ойымша, мұндай акциялар қаланы таза әрі жайлы етуге көмектеседі. Түптеп келгенде, олар тұрғындардың өмір сапасын арттыруға бағытталған. Сонымен қатар бұл бастамалар қоғам дамуына ықпал етіп, қоршаған орта мен табиғатқа ұқыпты қараудың маңызын түсінуге жол ашады. Біз бұл жұмысты қолдаймыз және экоакцияның әрі қарай дамып, қазақстандық қоғамға айтарлықтай әсер ететініне сенеміз», – деді ол.
Компания өкілдері экологиялық бастамаларға қатысу корпоративтік мәдениеттің және бизнестің қоғам алдындағы жауапкершілігінің бір бөлігі екенін атап өтті.

«Комек Машинери Казахстан» ЖШС бас директоры Мейірхан Мұхамадиев компанияның экологиялық жобаларды жүйелі түрде қолдайтынын және өз қызметінде үнемшілдік қағидаттарын енгізуге ұмтылатынын жеткізді.

«Біз «Таза Қазақстан» экологиялық акциясын қолдаймыз. Біздің компания Komatsu арнайы ауыр техникасын тарату және сервистік қызмет көрсету саласында жұмыс істейді. Жапониялық Komatsu және Mitsui серіктестерімен жұмыс істеу барысында біз тазалық, тәртіп және қоршаған ортаға ұқыпты қараудың жоғары стандарттарын үнемі көріп келеміз. Бұл акция біздің құндылығымызды – үнемшілдікті, өндірісте де экологияға деген көзқарасты көрсетеді. Біз мұндай бастамалар жеке бағдарламалар деңгейінен асып, мәдениеттің бір бөлігіне айналса дейміз», – деді ол.

#ТазаКазакстан #экология #TazaChallenge