
Жастарды әскери патриоттық тәрбиелеу және әскери қызметтің оң беделін одан әрі көтеру мақсатында «Достық үйінде» 2026 жылғы көктемгі жас толымның 30 жігіттен тұратын командасын Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметіне шығарып салу рәсімі өткізілді, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Әскери-патриоттық акцияға қоғам қайраткерлері: Халық Қахарманы, отставкадағы генерал-лейтенант Бақытжан Ертаев, отставкадағы генерал-лейтенант Владимир Божко, отставкадағы контр-адмирал Ратмир Комратов Астана қаласының Аналар кеңесінен Ольга Доценко, Астана қаласының әкімдігі, ҚР МКҚ өкілдері, Астана қаласының қорғаныс істері департаменті басшылығы, Қарулы Күштер ардагерлері мен әскери қызметшілері, қала мектептерінің оқушылары және «Жас сарбаз» ӘПК тәрбиеленушілері, әскерге шақырылушылардың ата-аналары қатысты.
«Көктемгі мерзімді әскери қызметке шақыру науқаны қызу жүріп жатыр. Осы күнге дейін ҚР ҰҚК Шекара қызметіне, Қарулы Күштердің десанттық-шабуылдаушы әскерлері бөлімдеріне, теңіз жаяу әскері бригадасына жастарды жіберуді аяқтадық.
ҚР Мемлекеттік Күзет қызметіне жастарды шығарып салып отырмыз. Бұл қызметтің аса ерекшеліктері де бар – мемлекеттік деңгейдегі іс-шаралар мен шетелдік делегацияларды күтіп алу секілді салтанатты сәттерде еліміз бен әскеріміздің бейнесіндей, сайдың тасындай іріктелген, жігерлі, бойшаң, қайратты азаматтар болуы керек. Ал ата-аналарына осындай азаматтарды өсіп, тәрбиелегендіктері үшін алғысымызды білдіреміз. Жастарымыз ел сенімін ақтайды деп нық айта аламыз.
Келесі кезекте Қарулы Күштердің механикаландырылған бригадалары мен оқу-жаттығу орталықтарына болашақ сарбаздарды даярлаудамыз» - деп түйіндеді Астана қаласының қорғаныс істері департаменті бастығы полковник Руслан Балтеміров.
Іс-шара концертпен жалғасты.
Көктемгі әскерге шақыру 30 маусымға дейін жалғасады. Жалпы Елордадан 1 400-ден астам азамат әскер сабында сарбаз атанбақ.