Ғылым қызметкерлері күні: Астанада Қаныш Сәтбаев ескерткішіне гүл шоғын қою рәсімі өтті

Ғылым қызметкерлері күні: Астанада Қаныш Сәтбаев ескерткішіне гүл шоғын қою рәсімі өтті

Ғылым қызметкерлері күніне және «қазіргі қазақ ғылымының атасы», қазақтан шыққан тұңғыш академик Қаныш Сәтбаевтың туғанына 127 жыл толуына орай Астанада Қаныш Сәтбаев ескерткішіне гүл шоғын қою салтанатты рәсімі өтті, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Іс- шараға ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, Қазақстан республикасы парламенті Сенатының депутаты, халықаралық Қаныш Сәтбаев қоры қамқоршылар кеңесінің төрағасы Алтынбек Нұхұлы, Астана қаласы әкімінің орынбасары Есет Байкен, Сондай-ақ депутаттар, қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері қатысып, заңғар тұлғаның ескерткішіне гүл шоқтарын қойды.

«Бұл күн бірнеше маңызды мерекемен тұспа-тұс келіп отыр: Халықаралық ғарышкерлер күні, Қаныш Сәтбаевтың 127 жылдығы. Бұл – рухани жаңғырудың, үміт пен сүйіспеншіліктің күні. Ғалымдарымызға, ғылыми қызметкерлерге, инженерлік-техникалық мамандарға үлкен қолдау көрсетіліп жатыр. Соның айқын дәлелі – жуырда Ақордада бірқатар әріптесіміз жоғары мемлекеттік марапаттарға ие болды. Сонымен қатар, 10 жас ғалымға Президенттің өз қолымен пәтер табысталды. Бұл – несие де емес, ипотека да емес, бұл – мемлекет тарапынан көрсетілген нақты қолдау. Қазіргі таңда 200-ге жуық пәтер жас ғалымдарға бөлініп отыр. Оның 128-і берілді, жыл соңына дейін тағы 70 пәтер табысталмақ», – деді Саясат Нұрбек.

Министрдің сөзінше, соңғы бес жылда ғылымды қаржыландыру көлемі 6 есеге артып, 300-ден астам жаңа зертхана ашылған.

«Қаныш Сәтбаев тек ұлттық деңгейде ғана емес, жалпы адамзат өркениетіне қызмет еткен ұлы ғалым. Оның ғылым, білім, мәдениет және руханият салаларындағы еңбегі орасан зор. Осындай мұраны насихаттау бағытында атқарылып жатқан жұмыстар бізді қуантады. Бүгінде елорда төрінде бой көтерген, биіктігі 13,5 метрлік еңселі ескерткіш – соның айқын дәлелі.

024 жылы ғалымның 125 жылдығы мемлекеттік деңгейде аталып өтті. Содан бері ескерткішке күл шоқтарын қою игі дәстүрге айналып келеді. Бұл – Қанышқа деген құрмет, ғылымға деген құрмет», – деді Сенатор, халықаралық Қаныш Сәтбаев қоры қамқоршылар кеңесінің төрағасы Алтынбек Нұхұлы.