Астанада волонтерлік қозғалыс қарқынды дамып келеді: еріктілер жыл сайын халықаралық деңгейдегі 150 іс-шараға қатысады

Астанада волонтерлік қозғалыс қарқынды дамып келеді: еріктілер жыл сайын халықаралық деңгейдегі 150 іс-шараға қатысады

Елімізде еріктілер қозғалысын дамытуға ерекше мән беріліп отыр. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен 2026 жыл Біріккен Ұлттар Ұйымы тарапынан Тұрақты даму мақсаттарына арналған «Халықаралық еріктілер жылы» болып жарияланды. Осы бағытта елордада да жүйелі жұмыстар жүргізіліп келеді. Оның барысы туралы елорданың Коммуникациялар қызметінде өткен брифингте «Астана жастары» жастар ресурстық орталығының» басшысы Шыңғыс Тілеулин, «Казспортинвест» АҚ еріктілермен жұмыс жөніндегі бөлім басшысы Байғали Ниязқұлов мәлім етті, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Спикерлердің айтуынша, бүгінде Астана волонтерлерін маңызды мемлекеттік іс-шараларда, әлеуметтік мекемелерде және тіпті онлайн кеңістікте де кездестіруге болады. Бұрын Қазақстанда волонтерлік қызметке көбіне студент жастары атсалысса, қазіргі таңда мектеп оқушылары, кәсіпорын қызметкерлері және түрлі кәсіби сала өкілдері де қатысады. Қазіргі волонтерлік қызметтің ауқымы кең. Астана қаласының еріктілері жоғалған адамдарды іздестіруден бастап, төтенше жағдайлар кезінде гуманитарлық көмек көрсетуге дейінгі түрлі бағыттарды қамтып отыр. Сонымен қатар елордада өтетін халықаралық спорттық және мәдени іс-шаралар да волонтерлердің белсенді қатысуымен ұйымдастырылады.

Астанада шамамен 50-ге жуық волонтерлік ұйым мен қозғалыс белсенді жұмыс істейді. Олардың ішінде әлеуметтік осал топтарға қолдау көрсететін «Астана клуб добряков», сондай-ақ жоғалған адамдарды іздестіруде құқық қорғау органдарымен бірлесіп жұмыс істейтін «Астана волонтерлары LIDER.KZ» қозғалысы бар.

«Волонтерлік бастамаларды үйлестіру мақсатында «Астана жастары» жастар ресурстық орталығының базасында құрылған Қалалық волонтерлер штабы қызмет атқарады. Жетінші жыл қатарынан жұмыс істеп келе жатқан штаб волонтерлік қозғалыстың дамуына серпін беріп отыр. Оның негізгі мақсаты – күш-жігерді біріктіру, ресурстық және ақпараттық қолдау көрсету, сондай-ақ бастамаларды жүйелеп, оларды одан әрі дамыту. Қалалық штаб тұрақты түрде 30 волонтерлік ұйыммен, 20 бастамашыл топпен және 4 үкіметтік емес ұйыммен мемлекеттік жастар саясатын іске асыру саласында, кәсіпорындар мен қала меценаттарымен ынтымақтастық және бірлескен қызметтерді жүргізеді. Штабта белсенді волонтерлер саны 8 000-нан асқан.

2025-2026 жылдары волонтерлік ұйымдармен бірлесіп «BizBirgemiz», «Қауіпсіз қала», «Қамқорлық мекен-жайлары», «Ардагерлерді ардақтайық», «Taza Alem», «Stop Vandal» және т.б. жобалары аясында 1200 акция өткен. Сонымен қатар халыққа көмек көрсетілді. Аталған жобалар шеңберінде халыққа көмек көрсетілді. Атап айтқанда, 3000 азық-түлік себеті таратылып, 3000 ыстық тамақ жеткізілді. Сонымен қатар мұқтаж жандарды киім-кешекпен және жиһазбен қамтамасыз ету, білім беру және адамдарды іздестіру бағытындағы жобалар іске асырылды», – дейді спикерлер.

Маусымдық шаралар да назардан тыс қалған жоқ. Қыс мезгілінде қалалық кәсіпорындардың қолдауымен 70 мекенжай бойынша қар тазалау жұмысы жүргізілген. Ал «Қауіпсіз қала» жобасы аясында тұрғындар арасында тұрақты ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізіліп келеді. Негізгі басымдық төтенше жағдайлардың алдын алу мен қоғамдық қауіпсіздікті арттыруға бағытталған. Сонымен қатар жол қозғалысы ережелері түсіндіріліп, заңсыз жарнамаларды жою жұмысы жүргізілуде. Қалалық инфрақұрылым мен қоғамдық мүлікке ұқыпты қарау мәдениетін қалыптастыру да маңызды бағыттардың бірі.

Қалалық волонтерлер штабымен ынтымақтастыққа тек арнайы ұйымдар ғана емес, мемлекеттік құрылымдар мен қала кәсіпорындары да тартылды. «Таза Қазақстан» акцияларына Астананың мемлекеттік мекемелері мен кәсіпорындары қызметкерлерінің қатысуы еңбек ететін азаматтар арасында еріктілік мәдениетін қалыптастыруға оң әсер етті.

Астана еріктілері халықаралық іс-шараларға да белсенді ат салысады. Жыл сайын «Астана жастары» еріктілері халықаралық деңгейдегі 150 іс-шараға тартылады. Оларды қолдау үшін арнайы орындар бөлініп, оқыту алаңдары дамытылып, халықаралық ынтымақтастық кеңейтілуде.

Волонтерлік қызметті ынталандыру бағытында да бірқатар жұмыстар атқарылуда. Мәселен, «Volunteer Fest 2024» сыйлығы аясында 50 ұйым мен колледждердің 33 өкілі марапатталды. Ал 4 ұйым «Жыл волонтері – 2025» номинациясының жеңімпазы атанды.

Алдағы уақытта өтетін маңызды іс-шараның бірі – «Болашақ Ойындары-2026» халықаралық мультиспорттық турнирі. Турнир аясында 50 елден келетін 900-ден астам қатысушыға қызмет көрсету үшін шамамен 1000 ерікті және 100 координатор жұмылдырылады.

Дайындық бағдарламасы «фиджитал» форматында спорт пен технологияны ұштастыруды, мәдениетаралық коммуникацияны дамытуды және командалық жұмыс дағдыларын қалыптастыруды қамтиды. Ерікті ретінде 16 жастан асқан, ағылшын тілін кемінде В2 деңгейінде меңгерген және жауапкершілігі жоғары үміткерлер қабылданады. Волонтерлер арнайы киіммен, ауысым кезінде тамақпен қамтамасыз етіліп, халықаралық деңгейдегі оқытудан өтеді және арнайы сертификатқа ие болады.

Өтінім қабылдау 2026 жылғы 10 сәуір мен 30 маусым аралығында жүргізіледі, ал оқыту мамыр-маусым айларында өтеді.

талған бағдарламаны іске асыру турнирді жоғары деғгейде өткізуге мүмкіндік беріп, волонтерлік қозғалысты дамытуға және қаланың халықаралық имиджін арттырады.