
«Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасы және «Таза қала» экологиялық акциясы аясында елордадағы Alpha gym спорт кешенінде сенбілік өтті, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.
Экологиялық акцияға фитнес-клубтың 30-дан астам қызметкері қатысты. Қатысушылар аумақты ретке келтіріп, қоқыс жинады, санитарлық тазалау жұмысын жүргізді, сондай-ақ жасыл желектерді күтіп-баптауға ерекше көңіл бөлді.
Кешен аумағын абаттандыруға да айрықша назар аударылды. Қызметкерлер ағаштардың, оның ішінде қарағайлардың айналасындағы топырақты өңдеп, жерді қопсытып, тыңайтқыш септі.
«Біз өзімізден бастап, өз аумағымызды тәртіпке келтіруді жөн көрдік. Мұндай акциялар ұжымды біріктіріп, қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауды қалыптастырады. Сонымен қатар бұл басқа ұйымдар мен қала тұрғындарына жақсы үлгі», – деді орталық басшысы Алексей Вшивцев.
Оның айтуынша, мұндай шаралар экологиялық мәдениетті қалыптастыруға ықпал етеді және қаланың тазалығы әр адамның жауапкершілігі екенін көрсетеді.
«Өскелең ұрпаққа да осы арқылы үлгі болуымыз керек. Таза қала – ортақ жауапкершіліктің нәтижесі», – деп толықтырды ол.
«Таза Қазақстан» экологиялық акциялары елордада жалғасып, қаланың әртүрлі аудандарын қамтып, тұрғындарды, еріктілерді және еңбек ұжымдарын біріктіруде.