
«Заң мен тәртіп» қағидатын іске асыру аясында К.Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университеті студенттерімен кездесу өтті, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Кездесуді прокуратура, Астана қаласы Сарайшық ауданының Полиция басқармасы, Дін істері басқармасы және оқу орны бірлесіп ұйымдастырды.
Жиын практикалық бағытта өтті. Негізгі мақсат – жастарға заң талаптарын еске салумен шектелмей, рұқсат етілген әрекеттердің шегін түсіндіру, сондай-ақ нақты өмірде және цифрлық кеңістікте әркімнің жеке жауапкершілігін ұғындыру.
Студенттер алдында прокуратура мен полиция өкілдері, сондай-ақ дінтану саласының мамандары сөз сөйледі.
Сарайшық ауданының прокуроры Жигули Диас жастарға қолданыстағы заңнама талаптарын, әкімшілік және қылмыстық құқықбұзушылықтар үшін жауапкершілікті түсіндіргенін атап өтті. Оның айтуынша, қоғамдық тәртіпті сақтау және әр азаматтың заңдылықты қамтамасыз етудегі рөліне ерекше мән берілген.
Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл бөлімінің қызметкері, полиция капитаны Ғалымжан Қалмағамбетов заманауи интернет-қатерлер туралы айтып, онлайн-алаяқтықтың кең тараған тәсілдерін түсіндірді. Сондай-ақ «дроппер» ұғымына тоқталып, банк карталары мен шоттарды бөтен адамдарға бергені үшін қандай жауапкершілік қарастырылатынын жеткізді.
Кездесуде діни қауіпсіздік мәселесі де назардан тыс қалмады. Дінтанушы Арұлан Қуатов зайырлы мемлекет қағидаттарын түсіндіріп, интернет кеңістігінде радикалды идеялардың таралу қаупі туралы айтты. Сонымен қатар деструктивті ұйымдарға тарту тәсілдері, оның белгілері және экстремистік қызметке қатысқаны үшін қарастырылған жауапкершілік шаралары жөнінде ақпарат берді.
1-курс студенті Анастасия Соловьёва кездесуден алған әсерін жеткізіп, жастар кейде төбелес, буллинг немесе вандализм сияқты әрекеттердің салдарын жете түсінбейтінін атап өтті.
Іс-шара барысында интернетке тәуелділік, алаяқтық, құқыққа қарсы әрекеттерге араласу және есірткіге тәуелділік тақырыптарын қамтыған қысқаметражды фильмдер көрсетілді. Бұл туындыларды университет студенттері өздері дайындаған.
Кездесудің әсерлі сәттерінің бірі – 4-курс студенті Рүстем Жүсіповтің ерлігі ерекше аталып өтті. Ол ректор атынан арнайы сыйлықпен марапатталды.
Ол бірнеше күн бұрын «Триатлон» саябағы маңындағы өзен жағасында серуендеп жүргенде, қауіпті жағдайдың куәсі болған. Су жиегінде ойнап жүрген кәмелетке толмаған екі қыз бірінен кейін бірі суға құлап кеткен. Ойланбастан көмекке ұмтылған студент оларды судан шығарып, өз өмірін қауіпке тіккен.
Кейін ол жауапты сәтте жылдам әрекет ету маңызды болғанын, себебі аздаған уақыт қайғылы жағдайға әкелуі мүмкін екенін айтты.
Бұл оқиға кездесуде айтылған негізгі ойды нақты дәлелдеді: заң мен тәртіп – тек талаптар мен тыйымдар ғана емес, сонымен бірге жеке жауапкершілік пен немқұрайлы қарамау.
Рүстемнің айтуынша, кейбір студенттер қаржылық қиындықтарға байланысты жеңіл табыс көздерін іздеуі мүмкін, ал мұндай кездесулер оларды ойландырып, құқықтық сананы қалыптастыруға ықпал етеді.
Кездесу барысында спикерлер мен студенттер арасында ашық диалог орнап, таңдау, оның салдары және жеке шекаралар мәселесі кеңінен талқыланды.
#законипорядок #заңментәртіп