
Астана қаласы Полиция департаменті елорда көшелері мен қоғамдық орындарында құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету және жедел ахуалды тұрақтандыруға бағытталған ұйымдастырушылық-практикалық іс-шаралар кешенін жүзеге асырып жатыр. Бұл туралы Астана қаласы Полиция департаментінің Қоғамдық қауіпсіздік басқармасы бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Еркін Жанабіл Коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлім етті, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
2026 жылдың алғашқы үш айының қорытындысы бойынша елордада кәмелетке толмағандардың қатысуымен 113 жол-көлік оқиғасы тіркелген.
«Оқиғалардың негізгі себептері – жүргізушілер мен жаяу жүргіншілердің жол қозғалысы ережелерін сақтамауы, жол қозғалысы кезінде зейіннің төмендеуі. Осыған байланысты 2025-2026 оқу жылына арналған мектепке дейінгі және білім беру мекемелерінде балалардың жол-көлік жарақатының алдын алуға бағытталған профилактикалық іс-шаралар жоспары әзірленіп, іске асырылып жатыр», – дейді спикер.
Ол өз сөзінде жыл басынан бері жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу және кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау мақсатында 210-нан астам жергілікті рейдтік іс-шара өткенін айтты.
Негізгі іс-шаралардың бірі – 2026 жылғы 26-28 наурыз аралығында өткен «Түнгі қаладағы балалар» жедел-профилактикалық іс-шарасы. Оның барысында түнгі уақытта (сағат 23:00-ден 06:00-ге дейін) заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз тұрғын үйден тыс жерде болған кәмелетке толмағандарға қатысты 230-дан астам құқық бұзушылық фактісі анықталған. Бұл ҚР ӘҚБтК-нің 442-бабы 2-бөлігіне сәйкес, құқық бұзушылық болып саналады. Мәселен, 2026 жылғы 27 наурыз күні Сарайшық ауданының учаскелік инспекторы түнгі уақытта кәмелетке толмаған ұлының қараусыз жүруіне жол берген елорда тұрғынын әкімшілік жауапкершілікке тартты.
Полиция департаменті бөтен мүлікті қасақана жою және бүлдіру фактілерінің жолын кесу жұмыстарын күшейтті. 2026 жылдың басынан бері ҚР ӘҚБтК-нің 147-1-бабы бойынша 51 әкімшілік құқық бұзушылық тіркеліп, 50 адам жауапкершілікке тартылды. Олардың ішінде 38 адам әкімшілік қамауға алынып, 12 адамға айыппұл салынды, бір іс бойынша өндіріс тоқтатылды. Полиция мәліметінше, осы кезеңде қалада шамамен 15 лифт пен 10 астам автобус аялдамасы бүлінген.
Елордада ұсақ құқық бұзушылықтарға «нөлдік төзімділік» қағидаты шеңберінде ҚР ӘҚБтК-нің 434-бабында көзделген ұсақ бұзақылық фактілерінің жолы белсенді түрде кесілуде. Жыл басынан бері 779 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған (2025 жылы – 3555). Нәтижесінде, 366 айыппұл салынып, 399 адам әкімшілік қамауға алынған, 2 адамға қоғамдық жұмыстар тағайындалды. 12 материал бойынша іс өндірісі тоқтатылды. Бұл бағыттағы жұмыс жүйелі түрде жалғасады.
«Қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету үшін күн сайын ішкі істер органдарының қызметкерлері мен Ұлттық ұланның әскери қызметшілерінен 2,5 мыңнан астам адам жұмылдырылады. Заманауи технологияларды енгізуге ерекше назар аударылған.
Ішкі істер министрлігінің «Жаппай бейнебақылау» жобасы аясында 2024-2028 жылдарға арналған қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету тұжырымдамасына сәйкес, елордада 210 мыңнан астам бейнекамера орнату көзделген. Қазіргі уақытта Жедел басқару орталығы мен кезекші бөлімдерге 36 мыңнан астам камера қосылған. Бұл құқық бұзушылықтарды бақылау деңгейін едәуір арттырып, жедел әрекет ету тиімділігін күшейтуге мүмкіндік береді», – дейді басқарма бастығының орынбасары.