Астанада қоғамдық веложалдау жүйесі жаңғыртылады

Астанада қоғамдық веложалдау жүйесі жаңғыртылады

Астана қаласында велоинфрақұрылымды ауқымды жаңарту жоспарланып отыр. Жоба «Самұрық-Қазына» АҚ және компаниялар тобының қайырымдылық қызметінің бірыңғай операторы – «Samruk-Kazyna Trust» корпоративтік қорының қолдауымен іске асырылады және қоғамдық веложалдау қызметтерінің сапасы мен қолжетімділігін арттыруға бағытталған, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Жаңғырту аясында 1300 электрлі велосипед, сондай-ақ желіні 195 велостансаға дейін кеңейту көзделген.

Велошеринг жүйесі елордада 2014 жылдан бері жұмыс істеп келеді және қалалық көлік инфрақұрылымының бір бөлігіне айналды. Қазіргі уақытта веложолдау жүйесінде 155 станса және шамамен 750 велосипед бар.

Жаңарту жабдықтардың тозуымен және жүйе жұмысының тиімділігін арттыру қажеттілігімен байланысты.

Жобаны іске асыру сервис сенімділігін арттыруға, қамтуды кеңейтуге және елорда тұрғындары мен қонақтарына заманауи әрі экологиялық таза көлік түрін ұсынуға мүмкіндік береді.